Павлодар облысында жол қозғалысына шектеу енгізілді
Жаңбыр жауып, көктайғақ пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 желтоқсан күні сағат 20:20-дан бастап, барлық көлік түрлері үшін жүруге тыйым салынды.
Шектеу енгізілген учаскелер:
- KAZ 14 «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті» тас жолының 1135-ден 1206-шы шақырымына дейінгі аралығы, яғни Қарағанды облысының шекарасынан Шідерті кентіне дейін;
- KAZ 04 «Астана-Шідерті-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» тас жолының 200-ден 308-ші шақырымына дейінгі аралығы, Ақмола облысының шекарасынан Екібастұз қаласына дейін.
Жолдарды ашудың алдын ала мерзімі – 13 желтоқсан, сағат 6:00.
Департамент азаматтарға дауыл мен көктайғақ туралы алдын ала ескерте отырып, шектеулердің тек қана формалды емес, өмірді сақтап қалу үшін қажетті шара екенін атап өтті.
Алайда, мұндай қауіпті жағдайларға қарамастан, кейбір жүргізушілер жабық жол учаскелеріне саналы түрде шығуды жалғастыруда. Оның салдары – жолда қалып қойған автомобильдер, адамдардың өміріне төнген қауіп және экстремалды ауа райында полиция қызметкерлерінің шұғыл шақыруларға шығу қажеттілігі.