Павлодарлықтар Зеленстрой шағын аумағын қоқыстан тазартты
Ауқымды тазалық науқанына жүзден астам қоғам белсендісі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Зеленстрой шағын аумағында республикалық «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілді. Стихиялық қоқысты шығаруға «AMANAT» партиясының мүшелері, ақпараттық технологиялар колледжінің 30 студенті, түсті металлургия жоғары колледжінің 40-тан астам шәкірті, «Жастар рухы» жастар қанатының 20 өкілі және қоғам қайраткерлері көмектесті. Оларға қолғап, күрек пен тырнауыштар таратылды. Кейіннен қоқыстан тазартылған жерді трактор тегістеп шықты.
– Біз елімізде тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жағдайды сақтау мақсатында жастарды барынша тартуға тырыстық. Бұл бір реттік жоба емес, «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын тұрақты негізде өткізіледі, – деп атап өтті облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко.
Белсенді, блогер, түсті металлургия колледжінің педагогы Исламбек Әлжановтың сөзінше, осындай экологиялық іс-шаралардың өткізілуі жастарды тәрбиелеудегі орны зор.
– Егер олар пайдалы іспен айналыспаса, одан жақсы ештеңе шықпайды. Қоғам біріксе, бірлігіміз нығаяды. Бүгінде жастардың дүниетанымы өзгеруде. Мысалы, студенттермен бірге тазалау орнына жаяу жүріп, ән айтып келдік. Нәтижеден бөлек, оған жетудегі жолдың өзі де қызықты, – деді ол.
Экологиялық акцияның бірінші күнінің қорытындысы бойынша облыс орталығында 11 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қоқыстары жиналды.