Павлодар облысында жұмысқа келген әйел үйіне қайта алмай қалды
Оның велосипедін ұрлап әкеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 49 жастағы әйел адам құны 50 мың теңге тұратын «Байкал» маркалы велосипеді жоғалып кеткені туралы тәртіп сақшыларына хабарлаған. Ол жұмысқа келіп, қайта үйіне кете алмаған. Арнайы іс-шараларды өткізу барысында күдікті ұсталды. Ол 60 жастағы жұмыс істемейтін азамат болып шықты. Ұрлаған велосипедті бөлшектеп үйінің гаражында жасырған.
– Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, –деп хабарлады Успен ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Ашренов.
Қазіргі уақытта күдіктінің аудан аумағында бұрын осындай жасалған қылмыстарға қатысы бар екені анықталуда.