40 мыңнан астам павлодарлық әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төлем алды

40 мыңнан астам павлодарлық әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төлем алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар саны 282 мың адамды құрайды. Олар үшін жұмыс берушілер әлеуметтік аударымдар жасайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Айгүл Қапенованың мәлімдеуінше, жүйеге қатысушылардың 147 мыңы – ер адамдар, 135 мыңы – әйелдер.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 43 608 адам әлеуметтік төлемдер алған. Жалпы төлем сомасы үш миллиард теңгеден асады.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер 10 пайызға индекстелді: еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша – 2952 адамға, асыраушысынан айырылу бойынша – 3438 алушыға.

– Сонымен қатар, жұмысынан айырылу бойынша төлем алушыларға қатысты жаңа ереже енгізілді. Егер адамның атына зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік аударымдар түсе бастаса, төлем автоматты түрде тоқтатылады. Алайда жұмыс беруші №17-1 қосымшасын ұсынып, бұл төлемнің бір реттік екенін растаған жағдайда, әлеуметтік төлем қайта тағайындалады, – деді Айгүл Қапенова. 

Сондай-ақ 2025 жылдың сәуірінен бастап енгізілген өзгерістер туралы да айтылды. Олар жүктілік пен босану, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша төлемдерге қатысты. Төлем алу құқығы туындағаннан кейін түскен әлеуметтік аударымдар орташа табысты есептеу кезінде ескерілмейді. Сондықтан жұмыс берушілер қызметкер декреттік демалысқа шыққанға дейін әлеуметтік аударымдарды уақытылы аударуы тиіс.

Ведомство өкілдері артық төленген әлеуметтік аударымдарды түзету механизмі арқылы азаматтар төлемдерді бұрынғыдан жылдамырақ ала алатынын атап өтті. Бұрын жұмыс беруші қаражатты қайтарғанша күту қажет болса, қазір анықтама ұсыну жеткілікті, содан кейін деректер түзетіліп, төлемдер кешіктірілмей тағайындалады.

Сонымен қатар жүктілік пен босану бойынша төлемнің ең жоғары мөлшері шектелген. Ол жеті ең төменгі жалақы негізінде есептеледі және қазіргі уақытта екі миллион 499 мың теңгеден аспайды.

– Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі де қысқарды. Электронды порталдар, мобильді қосымшалар немесе проактивті қызметтер арқылы жүгінген жағдайда шешім төрт жұмыс күні ішінде қабылданады. Ал ХҚКО немесе мансап орталықтары арқылы жүгінген кезде мерзім сегіз жұмыс күніне дейін сақталады, – деді филиал басшысы.

Сонымен қатар жұмыс берушілерге қызметкерлерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркеу қажеттігі ескертіледі. Бұл азаматтарға қосымша анықтамалар жинамай-ақ әлеуметтік төлемдерді онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Мамандар жұмыс берушілерді әлеуметтік аударымдарды әр айдың 25-іне дейін уақытылы төлеуге шақырады. Бұл әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен олардың мөлшеріне қатысты мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.