Павлодар облысында қар басу қаупі бар автожолдар тікұшақпен тексерілді

Павлодар облысында қар басу қаупі бар автожолдар тікұшақпен тексерілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ТЖД алдағы қысқы кезеңдегі іс-қимылдарға дайындық жұмыстарын қызу жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірдің қар басу қаупі бар республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарында тікұшақпен ұшу арқылы шолу жасалды. Облыс басшылығы «2023-2024 жылдарға арналған IV кезеңдегі (жазғы, күзгі-қысқы, қысқы, қысқы-көктемгі) қысқы кезеңді дайындау және өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, бекіткен болатын. Оған сәйкес ТЖД  департаменті тарапынан барлық дайындық іс-шаралар жүргізілуде.

– Өткен жылдардың қысқы кезеңдерін талдауды ескере отырып, жалпы ұзындығы 452 шақырым болатын 215 қар басу қауіпі бар учаске анықталды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 78, облыстық жолдарда 24 учаске және аудандық маңызы бар жолдардағы 113 учаске тіркелген, – деді департаментте. 

Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйіне мониторинг жүргізу мақсатында Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері әкімшілік полиция басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және «ҚазАвтоЖол» ҰК облыс бойынша филиалымен бірлесіп, тікұшақ арқылы әуеден бақылау жүргізді. Автожолдарда қар ұстайтын қалқандарды орнату есебінен қауіпті қарлы учаскелер ретінде есептен шығарылған жерлерді көзбен қарап шықты.

Ұшу екі бағытта өтті: «Павлодар-Ақтоғай-Шолақсор-Екібастұз-Павлодар» және «Павлодар-Тереңкөл-Михайловка-Железин-Павлодар» бойынша.