Павлодар ауданында су тасқынынан зардап шеккен омарташы сотта жеңіп шықты
Еріген қар суының салдарынан омарта шаруашылығына шығын келтірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы МАӘС баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы 28 наурыздан 29-ына қараған түні Павлодар ауданының Розовка ауылындағы бал арасын өсіретін шаруашылықтардың аумағын еріген қардың суы басқан. Салдарынан жеке кәсіпкердің 80 ара ұясы су астында қалған. Жеке кәсіпкер әкімге су тасқыны салдарынан келтірілген мүліктік шығынның өтемақысын алуға көмектесуді сұрап жүгінген.
Аудандық комиссия талап қоюшының кәсіпкерлік қызметі 2024 жылғы су тасқыны салдарының нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидаларына сәйкес келмейтіндігі туралы шешім шығарған. Бұдан кейін жеке кәсіпкер сотқа талап қоюмен жүгінген. Павлодар облысы МАӘС шешімімен сот жауапкерге жеке кәсіпкердің өтінішін қайта қарауды және талап қоюшыға тиесілі су басқан омарта шаруашылығы және 80 ара ұясының қырылу фактісін ескере отырып шешім шығаруды міндеттеді.
Соттың қорытындысы бойынша комиссияның шешімі заң талаптарына сәйкес келмейді. Комиссияның құзыретіне адамдарды су тасқынынан зардап шеккен деп тану немесе бас тарту туралы қорытынды беру жатады.
– Комиссиямен жеке кәсіпкерлікті су тасқынынан зардап шеккен деп тану (бас тарту) мәселесі шешілмеген. Ара шаруашылығымен айналысу үшін мемлекеттік мекемеден ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ. Осыған байланысты талап қоюшының кәсіпкерлік қызметінің ережеге сәйкес келмеуі туралы комиссияның дәлелдері сотпен ескірілмеді, – деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, сот комиссия жұмысындағы басқа да кемшіліктерді анықтады. Мысалы, шешімге комиссия мүшелері қол қоймаған, комиссия мүшелерінің дауыс беру нәтижелері туралы ақпарат жоқ, комиссия құрылған кезде комиссия хатшысы тағайындалмаған. Яғни, жауапкер әкімшілік рәсімдерді бұзған.
Сот әкімшілік органдарға жеке ұйғарым шығарды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.