Павлодар облысында «қызыл» паспортпен жүргендердің құжаттары реттеледі

Павлодар облысында «қызыл» паспортпен жүргендердің құжаттары  реттеледі
Фото: www.gov.kz

Шара ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бұрынғы КСРО төлқұжаттарын уақтылы айырбастамаған, сондай-ақ туу туралы куәлік бойынша тұратын 18 жастан асқан адамдарға құжаттарды қалпына келтіруге жәрдемдесу жөніндегі акция  өтуде. Шараға үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысты. 

– Акцияның негізгі мақсаты – құжаттарды қалпына келтіруде қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету болып табылады. Акцияның бірінші күні басқа мемлекеттерден мәлімет алу үшін 19 адам жүгінді, – деді облыстық полиция департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов. 

«Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық Халықаралық бюро», Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық және Павлодар қалалық әлеуметтік-психологиялық оңалту және балалары бар әйелдерді бейімдеу орталығының өкілдері өтініш білдірген азаматтарды құжаттандыру мәселелерін шешуге көмек көрсетуге дайын екендіктерін көрсетті. 

Айта кетерлігі, жыл басынан бері 71 азаматқа Қазақстан азаматтығы белгіленді, ал бір адам азаматтығы жоқ адам болып танылды.