Павлодар облысында қызылша жұқтыру дерегі жалғасуда
2025 жылдың басынан бері қызылшаның зертханалық расталған 15 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Елена Сухоносенконың айтуынша, науқастардың ішінде: бір жасқа дейінгі – үш балада (жасы бойынша егілмеген), бір-төрт жастан бастап – сегіз балада, (оның ішінде үш бала уақытша медициналық себеппен босатылған, бес балаға қатысты бас тартқан), бес жастан тоғыз жасқа дейін – үш балада (егілмеген, бас тарту), ересек бір адамда 21 жаста (балалық шақта егілген) тіркелген.
– Қызылшаны емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. Қызылшадан тек аталған ауруға қарсы вакцина алу арқылы қорғауға болады. Екпе бір және алты жаста салынады, – деді Елена Сухоносенко.
Қызылша – ауа-тамшы жолымен берілетін өте жұқпалы вирустық инфекция. Аталған дерт қызылша энцефалиті (мидың қабынуы), менингит (ми қабығының қабынуы), пневмония (өкпенің қабынуы) сияқты асқынуларымен қауіпті.