Павлодарда жылы мезгілдегі вирустардан қорғанудың тиімді жолдары айтылды

Павлодарда жылы мезгілдегі вирустардан қорғанудың тиімді жолдары айтылды
Фото: Константин Шелков

Өңірде жұқпалы аурулар көрсеткіші төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінгі күні аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, биылғы қыста ЖРВИ бойынша көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда төмендеген.

– Жыл басынан бері өңірде шамамен 17 мың жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелді. Ал өткен эпидемиялық маусымның осы кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 23 мыңнан асқан болатын. Сонымен қатар, биыл тұмаудың H3N2 түрінің 57 жағдайы анықталды. Өткен маусымда 65 жағдай тіркеліп, оның ішінде H1N1 және В типтері болған. Қазіргі таңда апта сайынғы бақылау деңгейінен асу тіркелмеген. Жалпы, ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сырқаттанушылықтың төмендеу үрдісі байқалады, – деді ол.

Сондай-ақ өңірде жұқпалы аурулардың бірқатары бойынша төмендеу байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, тоқсан қорытындысы бойынша ішек инфекциялары екі жағдайға азайды, ал ротавирустық энтерит 44 пайызға төмендеді. Мәселен, биыл өңірде тоқсан ішінде көкжөтелдің 16 жағдайы тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде 24 жағдай болған. Өкінішке қарай, қызылша ауруы әлі де тіркелуде. Қазіргі таңда 225 жағдай анықталды. Сонымен қатар, вирусты гепатит А және С, коронавирус инфекциясы бойынша да төмендеу байқалады. Биыл коронавирус инфекциясының үш жағдайы тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде бес жағдай болған.

Жаз мезгілінің жақындауына байланысты мамандар ішек инфекцияларына ерекше назар аударуды ескертеді.

– Жылы уақытта көбінесе ішек инфекциялары көбейеді. Бұл көбіне жеке бас гигиенасының сақталмауынан болады. Сондықтан азаматтарға қолды жиі жуу, көкөніс пен жемісті қайнаған сумен шаю, сапалы ауыз су пайдалануды ұсынамыз. Бұл аурудың алдын алудың ең қарапайым жолдары, – деді департамент басшысының орынбасары.

Сала мамандарының сөзінше, балаларды инфекциялық аурулардан қорғаудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, балаларға 21 түрлі инфекцияға қарсы екпе тегін жүргізіледі. Олардың қатарында туберкулез, гепатит, полиомиелит, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық және басқа да аурулар бар.

Айта кетейік, жыл сайын сәуір айында Дүниежүзілік иммундау апталығы өтеді. Ағымдағы жылы ол «Вакцина – әрбір ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен ұйымдастырылуда. Бұл бастама вакцинацияның адам денсаулығын қорғаудағы маңызын тағы бір мәрте еске салады.