Павлодар облысында қызметкерлердің 90 % астамы декларация тапсырған
Құжаттардың бұл түрін екі формада тапсыруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Габбасов мәлім етті.
– Жалпыға бірдей декларациялау ел аумағын қамтуда. Ең алдымен бұл шараның мақсаты – жемқорлықты азайту. Қызметкердің декларациядағы мәліметтеріне қарап, қылмыстың алдын алуға болады, – дейді Ерболат Габбасов.
Спикердің айтуынша, 250-ші формадағы декларацияны қызметкерлердің 91 пайызы, 270-ші формадағы декларацияны 83 пайызы тапсырған.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік қызметкерлер, олардың жұбайлары мен оларға теңестірілген азаматтар тапсырды. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын қосқанда) және олардың жұбайлары тапсыруда. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап – заңды тұлға жетекшілері мен құрылтайшылары мен олардың жұбайлары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап – қалған барлық азаматтар тапсыруы тиіс.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап – барлық декларация жинақталғаннан кейін «заңсыз байығандарға» жауапкершілік енгізіледі.
Декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Тапсырмаған жағдайда ескерту беріледі. Егер бұл жағдай қайталанса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Бұл құжаттарды электронды түрде – «egov.kz» порталында, «cabinet.salyk.kz» сайтында, сондай-ақ, «e-SalyqAzamat» мобильді қосымшасы арқылы тапсыра аласыз. Ал қағаз түрінде Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне және халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге болады.