Павлодар облысында қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде 3505 адамға квота бекітілді

Павлодар облысында қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде 3505 адамға квота бекітілді
Фото: Константин Шелков

Аталмыш квота қандастар мен ішкі қонысаударушыларға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлімдеді. 

2024 жылы ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде Павлодар облысына қандастар мен ішкі қонысаударушыларды қабылдауға 3505 адамға квота бекітілді. Оның ішінде қандастар – 1252 адам,  жұмыс күші артық өңірлерден – 2253 адам. 

– Бүгінде өңірлік квотаға 2648 адам 591 отбасы қосылды. Қандастардан –  989 адам, ішкі қоныс аударушылардан –  1870 адам. Көшіп келгендердің ішінде 1270 адам жұмысқа қабілетті жаста, жұмысқа орналасқандар саны 751 – адам, 54 адам жеке кәсіппен айналысуда, үш адам қайтарымсыз грантқа ие болды,  – дейді спикер.

Қоныс аударып келгендердің ішінде 145 адамның жоғары білімі бар, 140 адам орта біліммен және 187 адам техникалық және кәсіптік білімі бар. 

Сонымен қатар ағымдағы жылы 943 адамға қандас мәртебесі берілді.

Басшының айтуынша, педагогикалық білімі бар қоныс аударушылар мектеп және мектепке дейінгі мекемелерге жұмысқа орналыстырылды. 

Сондай-ақ келген азаматтардың ішінен жалпы практика дәрігерлері, эпидемиолог және хирург мамандары бар, ауылдық  жерлерде қоныс аударушылардың көпшілігі жергілікті шаруа қожалықтарына механизатор, тракторшы, жүргізуші, түрлі аппараттардың операторы сияқты лауазымдарға жұмысқа орналыстырылды. 

Ішкі қоныс аударушылардың басым бөлігі Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарынан келуде, ал қандастарымыз Моңғолия, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінен қоныс аударып отыр. Көшіп келгендердің көбі – мұғалім, медицина және ауыл шаруашылық, қызмет көрсету саласындағы мамандар.

Өңірлік қабылдау квотасына қосылған қандастар мен қоныс аударушылар бағдарлама шеңберінде барлық мемлекеттік қолдау шараларына ие.