Павлодар облысында үздік жас мамандар марапатталды

WorldSkills өңірлік чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ІПавлодар облысы WorldSkills Kazakhstan – 2024 ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы бойынша еліміздегі үздік төрт өңірдің қатарында, яғни, бұл өңірдің мамандар даярлаудағы жоғары деңгейін көрсетеді.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмысшы мамандықтарды қолдау мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі таңда тоғызыншы сынып бітірген 11 мыңнан астам оқушының алдында маңызды таңдау тұр - болашақ мамандықтарын таңдау. Біз бұл жолды ыңғайлы, қолжетімді және перспективалы ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Ағымдағы жылы тегін оқуға арналған гранттар көлемі үштен бірге ұлғайды, стипендиялар мөлшері бір жарым есе өсті. Білім алушылар тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етілген және көлік шығындары өтеледі. Өндірістік тәжірибеден өткен жағдайда 250 мың теңгеге дейін төленеді және еңбек өтіліне есептеледі. Біздің студенттер Германия, Түркия және Қытайда шетелдік тәжірибеден өтуде, – деді Асайын Байханов.
WorldSkills өңірлік чемпионатының жеңімпаздары атанған үздік 55 жас маман жоғары жетістіктері мен кәсібилігі үшін жоғары марапаттарға ие болды.
Сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірлерінен 27 команданы біріктірген «Innovation» республикалық хакатонның қатысушыларына сыйлықтар табысталды. Жас IT-мамандар цифрлық технологиялар мен веб-бағдарлама әзірлеу саласында креативті шешімдер ұсынды. Жүлдегерлер ақшалай сертификаттарға ие болды: бірінші орын – 1 000 000 теңге, екінші орын – 500 000 теңге, үшінші орын – 300 000 теңге.