Павлодарда қазақ тілін тәжірибе арқылы меңгеру даму үстінде

Павлодарда қазақ тілін тәжірибе арқылы меңгеру даму үстінде
Константин Шелковтың фотосы

«Достық үйінде» үш жылдан бері мемлекеттік тілді оқыту курстары табысты түрде өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі. 

Бұл курстың мақсаты – тыңдаушыларды күнделікті өмірде қазақ тілінде еркін сөйлетуге дағдылау.

– Сабақ барысында біз өмірде жиі кездесетін оқиғаларға назар аударамыз. Атап айтқанда: амандасу, дүкенде сөйлесу, жол сұрау, сөйлесу сияқты тақырыптар қамтылады. Үйренушілердің белсенділігі жоғары, олар мемлекеттік тілдің маңызын жақсы түсінеді, – дейді қазақ тілі пәнінің оқытушысы Назира Сейітова.

Қазіргі таңда курсқа 15 адам қатысып жүр. Сабақ аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері, кешкі 18:30 - 19:30 аралығында өтеді. Мұндай кесте жұмыстан кейін келетін ересектер мен студенттер үшін ыңғайлы. 

Қатысушылардың ішінде ең жасы – 17 жастағы студент болса, ал ең үлкені – 72 жастағы қария. Олардың бірі – славян мәдени орталығының белсенді мүшесі Виктор Краснопёров. Ол қазақ тілін үйренуге ерекше ынтамен келген.

– Мен «Достық үйіне» жиі келемін. Осында қазақ тілі сабақтары өтетінін естіген соң бірден жазылдым. Екі жылдан бері тұрақты түрде қатысып жүрмін. Басында қиын болды, бірақ қазір дүкенде, көшеде қазақша сөйлесуге тырысамын. Қазақ тілі – елдің мемлекеттік тілі, сондықтан оны білу – әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын, – дейді ол.

Оның айтуынша, мұнда тек грамматиканы ғана емес, нақты өмірде қолдануға болатын сөз тіркестерін де үйретеді. Қазір қазақша сөйлескенде өзін сенімді сезінетінін алға тартты.

Курс жетекшісі Назира Сейітованың айтуынша, қазақ тілін үйренудің ең тиімді тәсілі – үнемі практика жасау. 

Курсқа қатысу тегін, қатысам деушілерді «Достық үйінде» күтеді.

Фото: Автор