Цифрлық қақпан: павлодарлықтар интернет-алаяқтардың құрбанына қалай айналуда?

Алаяқтықтың көптеген түрі пайда болуда, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Самат Құдайбергенов (азаматтың өтініші бойынша аты-жөні өзгертілген) жалған курьердің арбауына ілікті. Оған өзін «Kaspi дүкенінің» қызметкерімін деп таныстырған азамат қоңырау шалып, күткен сәлемдемесі мерзімінен ерте келгенін хабарлаған. Көп ұзамай павлодарлық азамат алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген.
– Мен сәлемдемені 12 шілдеде күткенмін. Бірақ, үш күн бұрын ер азамат хабарласып, оны алу үшін код келетінін айтты. Код «Kaspi дүкеннен» емес, 1414 номерінен келді. Мен ойланбастан нөмірлерді хабарлай салдым. Кейін менің банктің есепшотымнан қаражат шешіліп, атыма несие ресімделді. Полиция хабарласқан кезде алаяқтардың қақпанына түскенімді түсіндім, – дейді Самат.
Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, өңірде профилактикалық шаралар мен ақпараттық науқан белсенді жүргізілгеніне қарамастан, интернет арқылы жасалатын қылмыстар саны азаймай тұр.
Алаяқтар адамдарды қақпанға қалай түсіреді?
Кең тараған бес схема:
- жалған инвестициялар – әсіресе «криптожобаларға», биржадағы саудаға, күмәнді стартаптарға салым жасау;
- банктер, мемлекеттік органдар және танымал интернет-платформалардың атын жамылған фишинг сайттары;
- танымал тауарларды төмен бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап ететін жалған онлайн-дүкендер;
- мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, кейін ақша сұрау мазмұнындағы хабарламалар тарату;
- мемлекеттік органдар немесе банктер атынан несие, төлемдер мен бонустар рәсімделіп жатқандай етіп жасалатын алаяқтық.
«Карта бұғатталды» деген СМС-хабарламалар мен жаппай e-mail таратылымдар сияқты схемалар әлі де қолданылады. Алайда, алаяқтар заман талабына сай дамып, өз тәсілдерін үздіксіз жетілдіру арқылы жаңа технологияларға бейімделіп келеді.
– Мобильді қосымшалар мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық оқиғаларының саны артты. Алаяқтар таныс адамдардың дауысын еліктейтін deepfake жазбаларын, жалған аудио мен видеоны қолданады. Бұрынғы классикалық айла-тәсілдер жаңарған түрде қайта оралуда. Мысалы, жалған мемлекеттік төлемдер қазір жалған Telegram-боттар арқылы рәсімделеді, – деп түсіндірді Болат Нұрсейітов.
Облыстық полиция департаментінің деректеріне сәйкес, интернет-алаяқтыққа байланысты арыз-шағымдар саны жылдан-жылға артып келеді: 2023 жылы 1021 оқиға тіркелсе, былтыр 1427-ге жеткен, ал 2025 жылдың алғашқы алты айында 1014 өтініш түскен.
Жиі қылмыстық іс қозғауға аса ірі көлемде қаржылық шығын, халықаралық алаяқтық платформалармен байланыс және жаппай зардап шегу қылмыстық іс қозғауға сеп болып жатады. Бір ғана алаяқтың әрекеті ондаған адамды зардап шектіруі мүмкін.
Қақпаннан шығу мүмкін бе?
Полиция департаменті мамандарының айтуынша, алаяқтық белгілерін ерте байқау – сақтанудың басты жолы. Оларды анықтаудың бірнеше белгісі бар:
- өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, шоттағы қаражатты «құтқару» үшін код сұрау;
- белгісіз сілтемеге өтуді немесе күмәнді қосымшаны орнатуды талап етуі;
- бөтен нөмірден таныс адамның атынан «жедел көмек» сұрауы;
- қысым мен асығыстық – «әйтпесе, шот бұғатталады» деген ұранмен қорқыту.
Бұл белгілерді бірден байқасаңыз, алаяқтық құрбаны болмайсыз. Әр хабарлама мен қоңырауға сын көзбен қарау цифрлы заманның жаңа сақтық жолы болып отыр.
Дегенмен, алаяқтар хабарласып қалса, бірнеше лайфхак бар. Цифрлы әлемде абай болу – өзіңді де, жақындарыңды да қорғау. Мамандар алаяқтарға алданбаудың бірнеше тәсілін ұсынады:
- тілге мән беріңіз: күмәнді хабарламалар мен қоңыраулар көп жағдайда қазақ тілінде жүргізілмейді. Егер сөйлесуші қазақша жауап беруге қиналса, бұл ескерту белгісі;
- ресми нөмірге қайта қоңырау шалыңыз: банк немесе мемлекеттік орган атынан хабарласса, ақпаратты нақтылап, тек ресми байланыс арқылы растаңыз;
- нөмірді тексеріңіз: интернеттен, іздеу жүйелерінен немесе пікірлерден хабарласқан нөмір жайлы ақпарат іздеңіз. Көп жағдайда бұрын алданғандар пікір қалдырады;
- мәліметтеріңізді ешкімге бермеңіз: банк картасының деректері, СМС арқылы келген кодтар – жеке ақпарат. Оны ешқандай жағдайда бөгде адамға айтуға болмайды.
Полиция өкілдері мессенджерлер арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеу өте маңызды екенін ескертеді.
– Антивирустық бағдарламаларды қолдану, тек ресми қосымшаларды орнату, сондай-ақ егде жастағы туыстарды цифрлы қауіпсіздік ережелеріне үйрету ұсынылады. Банктік операцияларға СМС-хабарламалар мен лимиттерді қосу және алаяқтық әрекетке күмәнданғанда бірден полицияға хабарлау қажет, – дейді Болат Нұрсейітов.
Айта кетейік, әр қазақстандық eGov mobile қосымшасы немесе eGov.kz порталы арқылы несие мен микронесиелерді рәсімдеуге тыйым қоюды ерікті түрде орната алады. Бұл шектеу алты ай бойы күшінде болады және мерзім өткен соң автоматты түрде алынып тасталады. Сондай-ақ, арнайы өтініш беру арқылы мерзімінен бұрын да алып тастауға болады.
Өзіңіз бен жақындарыңызды қорғау үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау да маңызды:
- екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз;
- әр ресурсқа арналған күрделі әрі бірегей құпиясөздер орнатыңыз;
- жеке деректерді (паспорт, карта номері, мекенжай) жарияламаңыз;
- қосымшаларға берілген рұқсаттарды тексеріңіз, күмәнділерді өшіріңіз;– барлық банктік операциялар бойынша хабарламаларды қосыңыз.
Павлодар облыстық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде. Болат Нұрсейітовтің айтуынша, олар заманауи технологияларды қолданады, криптовалюта транзакцияларын бақылап, екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен қатар, арнайы сараптамалық платформаларды пайдаланады.
2025 жылдың басынан бері аймақта 20-дан астам күдікті ұсталған.
Соңғы уақытта «курьерлер» атынан қоңырау шалып, жеткізу кодын немесе мекенжайды сұрайтын жағдайлар жиілеп барады. «Қазпошта» филиалының мамандары бұл алаяқтықтың айқын белгісі екенін баса айтады.