Павлодар облысында әлеуметтік салада елеулі өзгерістер орын алады

Президент айтқан міндеттер мен тапсырмалар сапалы жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Президент өз Жолдауында: «Білім беру жүйесін жаңғырту – стратегиялық басымдық» деп атап өтті. Бұл ретте оқыту мазмұнын жаңарту, экологиялық саланы қалыптастыру, цифрлық дәуірге бейімделу маңызды міндеттер ретінде қарастырылуда. Осы тақырыпқа байланысты облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова баяндама жасады.
– Келер жылы Усолка шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Осылайша, қалада 4000-нан астам жаңа оқушы орны ашылып, үш ауысымды мектептердің саны азаяды. Президент: «Шағын жинақты мектептердің жаңа моделін әзірлеу қажет» деп тапсырма берді. Бұл модель цифрлық платформалар мен «Келешек мектептер» стандарттарына негізделмек, – деді Айгүл Мәлікова.
Бүгінде облыс бойынша алты шағын жинақталған мектеп салынды. Атап айтқанда: Баянауыл, Железин, Ертіс, Аққулы және Павлодар аудандарында. Алдағы уақытта Екібастұз қаласының Атығай ауылында 150 орындық және Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында 120 орындық жаңа мектептер салынады.
Мемлекет басшысы табиғатты қорғау мәдениетін арттыруға ерекше назар аударды. Осы орайда өңір мектептерінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асуда.
– Өткен жылы 11 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар, экологиялық тәрбиені насихаттауға бағытталған «Қамқор» облыстық жобасы іске қосылды, – деді Айгүл Мәлікова.
Жолдауда атап өтілген маңызды мәселелердің бірі – техникалық және кәсіптік білім беру. Республикалық деңгейде AI-Sana бағдарламасы іске қосылып, студенттерді жасанды интеллект, дрондар, цифрлық технологиялар бойынша оқыту көзделіп отыр.
– Қаладағы колледждерде жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Ақпараттық технологиялар колледжінде дистанциялық пилотталатын авиациялық жүйелер мамандығы енгізілді. Оқу базасы ретінде әлеуметтік серіктес – «Білім» ғылыми-өндірістік орталығы таңдалған. Бұл мекеме дрондарды құрастыру мен техникалық сүйемелдеу ісімен айналысады, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары.
Президент Жолдауда: «Кәсіптік білім беру еңбек нарығына бейімделуі тиіс. Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру – басты міндет» деп баса айтты. Өткен оқу жылында аймақта алты мыңнан астам түлек бітірсе, олардың 75 пайызы жұмысқа орналастырылған, ал 99 пайызы кәсіптік тәжірибеден өтті. Бүгінде екі мыңнан астам студент облыстағы кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде білім алып жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 26 медициналық нысан құрылысы аяқталып, тағы төртеуінің құрылысы осы жылдың қарашасында аяқталады.
Сонымен қатар, өңірде жасанды интеллект негізінде медициналық көмекті басқарудың біртұтас жүйесі енгізілуде.
– Биылдан бастап фальсификацияланған медициналық қызметтермен күрес жобасы іске қосылып, екі деңгейлі цифрлық растау жүйесі арқылы тексерулер жүргізіледі.Барлық медициналық анықтамалар электрондық форматта беріледі. Оған қоса радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру туралы Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда. Бұл жүйе онкологияны ерте анықтауға мүмкіндік береді, – деді Айгүл Мәлікова.
Мемлекет басшысы: «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығын нығайтудың негізгі тірегі» деп атап өтті. Павлодарда «Мұз сарайы», бес мың орындық бассейні бар спорт кешені, Екібастұзда көпфункционалды спорт кешені салынып жатыр. Құрылыстар 2026 жылы аяқталады деп толықтырды әкім орынбасары.
– Кәсіби спортты қолдау аясында «Ертіс» футбол клубына 300 миллион теңге жеке инвестиция тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың сөзінше, 2025–2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Баянауыл ауылында «Визит орталығы» салынып, Сабындыкөл мен жағажай аймағы абаттандырылмақ. Бұл өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сөз барысында жастар саясаты жөнінде де кішігірім есеп берілді.
– Облыста он үш жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жүз мыңнан астам консультация ұсынып, 2000-нан астам жастарды жазғы маусымда жұмысқа тартты. «Жастар практикасы» және «Бірінші жұмыс орны» жобалары арқылы жүздеген жас жұмысқа орналасты, – деп толықтырды Айгүл Мәлікова.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған барлық тапсырмалар Павлодар облысында жүйелі түрде іске асырылу керектігін аймақ басшысы ескере айтты. Бұл жұмыстар заманауи, технологиялық, қолжетімді және сапалы қоғам құруға, сондай-ақ өскелең ұрпаққа жарқын болашақ дайындауға бағытталған.
Еске сала кетейік, қалада өңір басшысының қатысуымен Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын талқылау жиналысы өткен еді. Іс-шараға облыс активінің өкілдері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.