Павлодар облысында әлеуметтік қызмет көрсететін санаторийлер тексерілуде

«Мойылды» санаторийінде бұрын анықталған барлық кемшіліктер жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде әлеуметтік қызметтер порталына тіркелген санаторлық-курорттық ұйымдарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыстар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан ҚР Әлеуметтік кодексі аясында жүзеге асырылады. Мониторинг мақсаты – портал арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және олардың техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы қозғалыс құралдарының классификаторына сәйкестігін тексеру.
Санаторлық-курорттық ұйымдар порталда тіркелген кезде қолжетімділік талаптарына сай болуы тиіс. «Мойылды» санаторийі тіркеу кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайлы тұруы мен қажетті қызметтерді алуы үшін барлық жағдай жасалғанын көрсеткен. Алайда, 2024 жылдың сәуірінде басқарма жанынан құрылған жұмыс комиссиясы мүгедектігі бар азаматтың шағымы негізінде мекемені тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтады.
Атап айтқанда, балшықпен емдеу бөлімінде пандус пен тұтқалардың жоқтығы, санитарлық-тұрмыстық бөлмелерде тұтқалардың жетіспеуі, пандустарда тайғанамайтын жабынның болмауы, сондай-ақ көтергіш құрылғыдағы қатты бандажды жұмсарту қажеттігі белгілі болды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамның қасында еріп жүретін тұлғамен бірге тұру мәселесі көтеріліп, оны санаторий әкімшілігі оң шешті.
Санаторлық-курорттық емдеу кезеңінде жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмағандықтан, барлық қажетті өзгерістер 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейінгі аралықта жасалды. Қайта тексеру нәтижесінде барлық ескертулердің толық жойылғаны анықталды.
Мониторинг жұмыстары өңірдегі әлеуметтік қызметтер порталына тіркелген басқа да үш санаторлық-курорттық ұйымдарда жалғасады. Олар: «Ақ сиса» жеке қайырымдылық қоры, «Елқоныс» санаторийі («КазЭКОС» ЖШС) және «Энергетик» санаторий-профилакторийі («Павлодарэнерго» АҚ).