Павлодар облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған бес адам жазаланды
Өңірде өрттен келген шығын 42 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық аумақтық инспекцияның мәліметінше, биылғы өрт маусымы өткен жылдағыдай күрделі. Төрт мың гектарға жуық аумақта 198 орман өрті тіркеліп, көбінесе орман алқаптарына зиян келтірілген.
– Орман өртінен келген шығын шамамен 42 миллион теңгені құрады, – деді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев. - Барлық өрттердің 18-і аса ірі, аумағы 25 гектардан асады. Сондай-ақ 3 гектардан асатын 20 жағдай тіркелді. Орман өрті фактілері бойынша 25 қызметтік тексеру жүргізіліп, 1 жасыру фактісі анықталды.
Оның айтуынша, инспекциямен жүргізілген қызметтік тексерулердің қорытындысы бойынша 31 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Өрт маусымы басталғалы ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған бес адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы 500 мың теңге айыппұл салынды.
Орман өрттерінің 75 пайызы найзағай разрядынан болады. Олардың пайызы жылдан жылға артып келеді. Ал өрт саны 66 жағдайға көбейді.
– Павлодарда маусым-шілде аралығында өрт қауіптілігінің бесінші класы байқалды. Бұл - жоғары көрсеткіш. Қосымша қорғау үшін ормандарда әуе патрульдерін жүргіземіз, – деді спикер.
70-60 пайызы орман мекемелерінің күзет жүйесімен жабдықталған және жыл сайын нығайтылады. Биыл бес өрт сөндіру көлігін сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның үшеуі сатып алынған.
Әсия Серікова