Павлодар облысында Абайдың үздік оқырмандары анықталды
Оқушылар ақынның шығармаларын жатқа оқып, әндерін орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Абай оқуларының облыстық кезеңіне алты бағыт бойынша Павлодар қаласының Ә. Бөкейхан атындағы мектеп-лицей, № 2, 17, 29, М. Жүсіп атындағы, Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептер, қалалық оқу кезеңінің жеңімпаздары қатысты.
Оқулар қорытындысы бойынша барлық жеті қатысушы жүлделі орындарға ие болды - екі бірінші орын, бес үшінші орын. Олар облыстың білім беру басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Жеңімпаздар республикалық байқауға қатысады.
«Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» бағытында К. Оразалинаның «Абай ауылына саяхат» және Р. Тоқтарованың «Абайдың жұмбағы» көркем шығармашылығын талдағаны үшін М. Жүсіп атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ерасыл Қайыргелді, «Көңілім әнді ұғады» бағытында «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін орындағаны үшін № 17 мектептің 11-сынып оқушысы Полина Петрова I орын алды.
Қалған оқушылар Абайдың Отан, табиғат, достық туралы 30-ға жуық өлеңін, қара сөздерден 30 қысқа астарлы әңгімелер мен философиялық трактаттарын жатқа оқыды.