Павлодар облысында өтініштердің 96 пайызы жалақыны уақтылы төлемеуге қатысты түскен
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 200 миллион теңгеден астам жалақы бойынша қарыз өтелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық еңбек басқармасы басшысының м.а. Абылай Сабыров мәлім етті.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтардың 745 өтінішін қарады. Оның ішінде 30-ы – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша, 715-і – еңбек қатынастары, яғни жалақыны уақтылы төлемеу мәселелері.
Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыра отырып, 166 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 239 бұзушылық анықталып, 131 ұйғарым берілген.
– Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 250 әкімшілік ескерту жасалып, жалпы сомасы 7,2 миллион теңгеге 73 әкімшілік айыппұл салынды. Жалақыны уақтылы төлемеудің жекелеген мәселелерін мемлекеттік еңбек секторлары дереу шешеді. Бұл мәселе үнемі бақылауда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 208,5 миллион теңге сомасына жалақы бойынша қарыз өтелді, – деді спикер.
Осылайша 451 қызметкердің құқықтары қорғалған.
– Бүгінгі күні еңбек жанжалдарының туындауы үшін негіздер жоқ. Қазіргі уақытта облыстағы жағдай тұрақты, еңбек жанжалдары тіркелмеген, – дейді Абылай Сабыров.
Облыстық еңбек басқармасы ұжымдық кәсіпорындарда және өңірде әлеуметтік шиеленісті болдырмау жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізуде.