Павлодар облысының әкімі «Ертіс» ФК болашағы туралы айтты
Аймақ басшысы Асайын Байханов әріптестерімен аты аңызға айналған футбол клубы, республиканың бес дүркін чемпионы «Ертісті» ФК жандандыру мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
– Бүгінгі таңда біз «Ертіс» футбол клубының болашақ тағдырына қатысты екі жолды көріп отырмыз. Біріншісі – 3,1 млрд теңге қарызы бар және қазір банкроттық рәсімінен өтіп жатқан клубты оңалту. Екіншісі – FIFA ережелері бойынша «Ертіс» ФК-ның толық құқықтық мирасқорын, аттас жаңа клуб құру. Оның ішінде ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамы алдындағы 846 млн теңге мөлшеріндегі берешек бойынша өзіне міндеттемелер қабылдау, – деп жазды Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.
Кеңес қорытындысы бойынша спорт басқармасына 10 күн ішінде демеушілік қаражатты тарта отырып, «Ертісті» жандандырудың оңтайлы нұсқалары бар жол картасын әзірлеуді тапсырды. Егер жоба мақұлданса, клубтың жұмысына жергілікті ойыншыларды тартуға баса назар аударылады.