Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері жақын елдерде қызылша таралып жатқанын ескертті

Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері жақын елдерде қызылша таралып жатқанын ескертті

Әлемде қызылша бойынша жағдай қиындауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл ӨКҚ-де өткен туралы баспасөз жиынында Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті. 

–  Ескертіп айта кетерім, 2023 жылдың басынан бері жақын шет елдерде, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Украинада қызылша ауруының өсуі байқалады. 2022 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде қызылша жұқтырудың 150 мыңнан астам дерегі тіркелді, – деді Батырбек Әлиев. 

Департамент басшысы Павлодар облысында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты. Ауру тіркелмеген. 2022 жылы 1 жағдай анықталған. 

– Облыс Ресейдің қызылша анықталып жатқан облыстарымен шекаралас жатқандықтан  халықтың көші-қоны салдарынан ауру тарату қаупі бар. Қызылшаны екпе алмағандар және ауырмағандар, яғни, иммунитет қалыптаспаған адамдар жұқтыратынын ұмытпаған жөн. Аурудан қорғанудың жолы – екпе, – деді Батырбек Әлиев.

Қызылша – жіті инфекциялық вирустық ауру. Оны вирус тудырады. Ауа-тамшылы жолмен таралады. 

Ауру белгілері: адам денесінде тері бөртеді, дене қызуы көтеріледі, жөтел болады. Көбінесе балалар ауырады.

– Бұл – қауіпті ауру. Асқынулар болады. Вирустық ауру болғандықтан, антивирустық дәрілер береді, – деді Батырбек Әлиев.

Елімізде қызылшаға қарсы вакцина міндетті вакциналар қатарына жатады. Алайда, ата-аналар екпеден бас тартып жатады. Бұл екпені балалар 1 жасқа дейін және 16 жасқа дейін қабылдайды.

Фото: ӨКҚ