Павлодар облысының шаруалары астық кептіруге жеңілдетілген газ сұрады
Өңірдегі кәсіпкерлер газдың қымбаттығы егін жинаудан кейінгі шығынды арттыратынын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің кезекті отырысында ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдетілген газбен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
Бұл ұсынысты Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Талапкер» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Бейсембинов ортаға салды.
Шаруалардың айтуынша, күзде жиналған астықты кептіруге қажетті газ тек нарықтық бағамен сатылады. Оның құны жоғары, ал кейбір кәсіпкерлер отынды сатып алуда қиындықтарға тап болады.
Кеңес мүшелері астық кептіруге арналған газды арзандатылған дизель отыны сияқты жеңілдікпен беруді ұсынды. Олардың пікірінше, бұл шаруалардың шығынын азайтып, астық бағасына да оң әсер етуі мүмкін.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев мұндай қолдау әзірге қарастырылмағанын түсіндірді.
– Қазір көптеген астық кептіргіш қондырғылар газға көшіп жатыр. Павлодар облысына жеткізілетін коммерциялық газ бар. Оның операторлары нарықта жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан шаруаларды осындай газ операторларымен байланыстыра аламыз, – деді Төлеген Көшербаев.
Оның айтуынша, жеңілдетілген газ бөлу мәселесі республика деңгейінде бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда әзірге бұл бағытта шешім қабылданбаған.
– Жыл сайын республика деңгейінде осы отынды бөлуді сұраймыз. Биыл да өтініш білдірдік, алайда жеңілдетілген газ болмайтыны нақты айтылды. Тек дизель отыны бөлінеді, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.
Кездесуде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де мәселелерді талқылады.
– Бірқатар өзекті мәселені назарға алдық. Оларды алдағы уақытта Астанада өтетін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті съезінде пысықтау үшін тиісті деңгейде ұсынамыз, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.
Осылайша, өңір шаруалары көтерген жеңілдетілген газ мәселесі республикалық деңгейде талқылауға ұсынылатын мәселелердің қатарында қарастырылмақ.