Павлодар облысының жедел жәрдем дәрігерлері портативті УДЗ қолдана бастады

Павлодар облысының жедел жәрдем дәрігерлері портативті УДЗ қолдана бастады
Фото: РСК

Жоба бүкіл Қазақстанға таратылады деп жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жедел медициналық жәрдем қызметіне портативті ультрадыбыстық диагностика енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа технология дәрігерлерге науқасты шақырту орнында тексеріп, өмірге қауіп төндіретін жағдайларды дер кезінде анықтауға және оны тиісті медициналық ұйымға жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Өңірде басталған пилоттық жоба Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің қолдауына ие болып, оны 2027 жылғы 1 шілдеге дейін республика көлемінде енгізу жоспарланып отыр.

Жоба туралы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков пен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Қанадан Ахметжанов айтып берді.

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы 745 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Күн сайын 70 бригада орта есеппен 800 шақыртуға шығады. Жылдық шақыртулар саны 280-290 мыңға жетеді. 

Жоба аясында облыстық станция бес портативті сымсыз УДЗ аппаратын сатып алды. Жабдық Павлодар және Ақсу қалаларындағы жедел жәрдем бригадаларына берілген. Аппараттар шағын, автономды режимде жұмыс істейді және Wi-Fi арқылы зерттеу нәтижелерін смартфонға, планшетке немесе компьютерге жібере алады.

Ультрадыбыстық кескіндер станцияның аға дәрігеріне жіберіледі. Ол нәтижелерді бағалап, қажет болған жағдайда бригада маманына кеңес береді. Бұл науқасты қай медициналық ұйымға жеткізу керектігін жедел анықтауға мүмкіндік береді.

– Жедел жәрдем дәрігерінің уақыты шектеулі. Ол бірнеше минуттың ішінде науқастың жағдайын бағалап, диагнозын анықтап, емдеуді бастап, әрі қарайғы тактиканы шешуі қажет. Портативті УДЗ аппараты осы жұмысты жеңілдетіп, дәрігерге қосымша диагностикалық мүмкіндік береді, – деді Қанадан Ахметжанов. 

Оның айтуынша, жабдықты енгізумен қатар дәрігерлерді арнайы даярлау жұмыстары жүргізілген. Семей медициналық университетінің Павлодар облысындағы филиалының мамандары ұйымдастырған оқытудан 45 дәрігер өтіп, сертификат алған.

Қазан айында басталған пилоттық жоба аясында бүгінге дейін 900-ге жуық зерттеу жүргізілген. Оның 43 пайызы асқазан-ішек жолдарының патологияларына, 34 пайызы жүктілік кезіндегі патологияларға, 13 пайызы несеп-жыныс жүйесінің ауруларына және алты пайызы қан тамырлары патологиясына қатысты.

Аппараттар арнайы көрсетілімдер бойынша қолданылады. Атап айтқанда, ішкі қан кетуге, жарақат салдарынан ішкі ағзалардың зақымдануына, жүктілік асқынуларына және басқа да шұғыл жағдайларға күдік болған кезде пайдаланылады.

Жаңа технологияның тиімділігін нақты клиникалық жағдайлар көрсетіп отыр.

–  Мәселен, 38 апталық жүктілігі бар 28 жастағы әйелге шақырту кезінде дәрігерлер ауыр преэклампсия белгілерін анықтаған. Сыртқы қан кету болмағанымен, портативті УДЗ зерттеуі нәтижесінде плацентаның ішінара ажырауы белгілі болды. Науқас облыстық перинаталдық орталыққа шұғыл жеткізіліп, қабылдау бөлімін айналып өтіп, қажетті медициналық көмекке жіберілді. Босандыру сәтті аяқталды, – деді станция басшысы.

Тағы бір жағдайда биіктіктен құлаған 32 жастағы ер адамнан көкбауырдың капсулаасты жыртылуы анықталды. Стационар алдын ала хабардар етіліп, науқас тікелей операциялық бөлімге жеткізілді. Сонымен қатар, портативті аппараттың көмегімен несепағардағы тас анықталып, пациент бейінді бөлімге бағытталған.

Мамандардың айтуынша, зерттеу орта есеппен екі-үш минутты алады. Бұл бригаданың шақырту орнында болу уақытын айтарлықтай ұзартпай, қосымша диагностикалық мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Павлодар облысында қолға алынған бастама республикалық деңгейде де қолдау тапты. Канадан Ахметжановтың айтуынша, жоба денсаулық сақтау министрінің қатысуымен өткен кеңесте таныстырылған. Нәтижесінде жоба оң бағаланып, оны республика көлемінде енгізу туралы шешім қабылданған. Жоспарға сәйкес, 2027 жылғы 1 шілдеге дейін портативті ультрадыбыстық диагностика еліміздің барлық өңірінде қолданысқа енгізілуі тиіс.

–  Алдағы уақытта портативті аппараттарды аудандық ауруханалар мен ауылдық медициналық ұйымдарға алу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындарды тұрғылықты жерінде тексеруге және қажетті жағдайда ауруханаға уақытылы бағыттауға жағдай жасайды. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелерін стационарлар мен емханалардың медициналық ақпараттық жүйелерімен біріктіру жоспарланған, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков.

Бүгінде облыста 70 жедел жәрдем бригадасының 33-і дәрігерлік бригада болып табылады. Болашақта әрбір дәрігерлік бригаданы портативті УДЗ аппаратымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қазір жоба пилоттық кезеңде болғандықтан, жабдық санын арттыру алғашқы нәтижелерді талдау мен қаржылық мүмкіндіктерге байланысты шешіледі.