Павлодар облысында үздік гандболшылар анықталды

Павлодар облысында үздік гандболшылар анықталды
Фото: Білім басқармасы

Турнир Ұлттық мектеп лигасының бесінші спартакиадасы бағдарламасы бойынша өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының «Ертіс» олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Юность» манежінің және №25 орта мектебінің спорт залдарында 7-8-сынып оқушылары арасында гандболдан облыстық жарыс өтті.

Оған облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 11 ер балалар және 10 қыздар командасы қатысты. Барлығы 194 оқушы тіркелді.

Қыздар арасында бірінші орынды Павлодар қаласының №5 орта мектебінің командасы, екінші орынды Екібастұз қаласының №11 орта мектебі, үшінші орынды Тереңкөл ауданының Береговая орта мектебі иеленді.

Жігіттер арасында Павлодар қаласының №21 орта мектебі чемпион атанса, екінші орынға Ақтоғай ауданы Қайырбаев атындағы мектеп табан тіреді. үшінші орынды Павлодар ауданы №1 Чернорецкая орта мектебі иеленді.