Павлодар облысының шалғай ауылы өз батырларын ұлықтады

Ертіс ауданындағы Үлгілі ауылында Жеңіс күні аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының солтүстігіндегі шағын ауылдан Ұлы Отан соғысы майданына 167 адам аттанып, оның 120-сы майдан даласында қаза тапты. Ауыл тұрғындары соғыс және тыл еңбек қаһармандарының есімін жан-жақты құрметтеуді ұйғарды. «Ұмытылмас соғыс – ұмытылмас есімдер» мемориалын орнатуды, сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығына арналған мұражайды ашуды ұйымдастырған үлгіліліктер арасынан бастамашы топ құрылды.
Солардың бірі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, соғыс ардагерінің ұрпағы Оразалы Әтимов ескерткіштің ашылуына арналған жиында сөз сөйледі. Ол тарихи жадты сақтаудың маңыздылығына тоқталып, мемориалды жасауға атсалысқандардың барлығына алғысын білдірді. Ескерткіш Қызыл Армия қатарына шақырылған Үлгілі тұрғындарының есімдері жазылған мәрмәр тақталардан тұрады.
Митингке қатысушылар майдан даласында қаза тапқан жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін бірден ауыл мектебінде үлгіліліктердің әскери және еңбек ерліктері туралы сыр шертетін мұражай ашылды. Ертіс, Ақтоғай аудандарының Құрметті азаматы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов жерлестерінің белсенділігін жоғары бағалады.
Мереке «Ерлікке тағзым – ұрпаққа міндет» атты концертпен аяқталды. Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Роза Ақанова барша жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтап, үлгілілік батырлардың ұрпақтарына иіліп құрмет көрсетті. Роза Ақанова барлық мерекелік іс-шаралардың бастамашылары Зейнеп Рахметжанова, Орынбасар Жұматова және басқалардың еңбегін ерекше атап өтіп, аудан басшылығы атынан Алғыс хаттар табыстады.
Одан кейін келген қонақтарға жергілікті таланттар, мектеп оқушылары, «Байзаковские зори» хоры өнер көрсетті. Әншілер патриоттық әндер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.