Павлодар облысының трассасында бес адам жарақат алды

Павлодар облысының трассасында бес адам жарақат алды
Фото: облыстық ТЖД ұсынды

Көлік жол апатына түсіп, жол белгісіне соқтығысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өткен демалыс күндері облыстық «103» жедел жәрдем қызметінің қызметкерлері зардап шеккендермен тіркелген 12 жол-көлік оқиғасына шықты. Өліммен аяқталған екі апат та өткен сенбі күні тіркелді. 

Железин ауылындағы көшелердің бірінде болған жол-көлік оқиғасы салдарынан өмірмен үйлеспейтін ауыр жарақаттар алған, шамамен 25 жастағы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Екінші өлім жағдайы Аққулы мен Қазы ауылдарының арасындағы тас жолда тіркелді. Жедел жәрдем қызметкерлері автокөлік қағып кеткен 40 жастағы ер адамның қайтыс болғанын растады.

7 ақпан күні Шалдай мен Шақат ауылдарының арасындағы тас жолда екі автокөліктің соқтығысуы нәтижесінде үш адам зардап шекті. 43 жастағы ер адам көптеген сүйек сынуы мен соққылармен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Іштің тұйық жарақатын және қабырғалардың жабық сынуын алған 40 жастағы әйел Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға тасымалданды. Ал апаттың үшінші қатысушысы – 21 жастағы жас жігіт медициналық тексеруден бас тартты.

Осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы 8 ақпан күні Астана – Павлодар тас жолында, Бәйет ауылының маңында орын алды. Екі автокөліктің соқтығысуынан кейін олардың бірі жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай, жол белгісімен соқтығысқаны анықталды. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі мен апаттар медицинасы орталығының бригадасы жіберілді. 1981 жылы туған әйел және 1966, 1984 және 1995 жылы туған үш ер адам орташа ауырлықтағы жарақаттармен Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді. Тағы бір жол-көлік оқиғасына қатысушы – 29 жастағы ер адам медициналық тексеруден бас тартты.