Павлодар облысының үш көлік өткізу пунктінде электронды кезек іске қосылады

Павлодар облысының үш көлік өткізу пунктінде электронды кезек іске қосылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өзгерістер тамыздың ортасында енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасының мәліметінше, «CarGoRuqsat» электрондық кезегін Павлодар облысының «Амангелді», «Шарбақты» және «Үрлітөбе» автомобиль өткізу пункттерінде іске қосу жоспарлануда.

2023 жылдан бастап Қазақстан-Ресей шекарасында «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі қолданылады. Жүйені қолданудың оң нәтижелерін ескере отырып, Ресей Федерациясымен шекарадағы қосымша 14 өткізу пунктінде электрондық кезекті іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде Павлодар облысындағы Амангелді өткізу пункті 15 тамыздан бастап, 29 тамыздан халықаралық көпжақты өткізу пункттерінде – Шарбақты мен Үрлітөбе «CarGoRuqsat» жүйесі іске қосылады. 

Осыған байланысты, аталған өткізу пункттерінде электрондық кезекті брондауды үшінші елдерге халықаралық транзиттік тасымалдарды жүзеге асыратын тасымалдаушыларда жүргізетін болады.

Қазақстан аумағынан автомобиль өткізу пункттері арқылы шығуды жоспарлап отырған тасымалдаушылар «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электрондық кезектен орын брондауға тиіс.

Ол үшін https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі бойынша өту керек, "CarGoRuqsat" қосымшасына тіркеліп, өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетіп, жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыру қажет.Өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақтылы келу керек.