Павлодар облысының әкімдігінде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі көтерілді
Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру бойынша аутсайдер – Павлодар қаласы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Асайын Байханов өңірде тұрақты жұмыспен қамту шаралары туралы жиналыс өткізді.
Жыл басында облыстың 27 мыңға жуық азаматын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарланған өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді.
25 маусымдағы жағдай бойынша 11479 адам жұмысқа орналастырылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында 2782 жұмыс орны ашылды, бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 240 орынға артық. 199 инфрақұрылымдық жобаның ішінен электрондық еңбек биржасында 681 бос орынға 103 жоба орналастырылды, 484 адам жұмыспен қамтылды.
Облыстық деңгейден төмен орындалуы энергетика және ТҮКШ, мәдениет, білім және құрылыс басқармаларының жобаларында байқалады
Субсидияланатын жұмыс орындарына жоспар бойынша 6617 адамнан 5495 адам жұмысқа орналастырылды (83%).
Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін 400 айлық есептік көрсеткіш (1 миллион 476 мың 800 теңге) мөлшерінде 443 грант және жастар үшін жылдық 2,5%-бен 5 миллион теңгеге дейін 164 жеңілдетілген шағын несие беру көзделген. Құжаттарды қабылдау тамыз айында басталады деп жоспарлануда.
– Әрбір жұмысқа орналастырылған адам әлеуметтік қорғалуы керек, еңбек шартының болуы және барлық аударымдар жасалуы тиіс. Еңбек шарттары электрондық жүйеге енгізілуі тиіс, – деп еске салды өңір басшысы.
Асайын Байханов «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» көрсеткішінің 45%-дан төмен болмауына назар аударды. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш тек Май ауданында орындалды. Ақтоғай, Баянауыл, Успен аудандары іске асырмады.
– Мен әкімдердің жергілікті жерлердегі негізгі жұмысы – бұл инвесторлармен және кәсіпкерлермен жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс жасау екенін бірнеше рет атап өттім. 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішке қол жеткізілмеген жағдайда тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Асайын Байханов инфрақұрылымдық жобаларда жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуді және «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жобасы бойынша 9 айдың қорытындысында жоспардың 70% көрсеткішіне қол жеткізуді тапсырды.