Павлодар облысының әкімі Германияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Павлодар облысының әкімі Германияның Қазақстандағы елшісімен кездесті
Фото: Валерий Бугаев

Тараптар ынтымақтастықты және инвестициялар тарту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңір басшысы Асайын Байханов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моника Иверсенды қабылдады. 

Асайын Байханов өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады.

- Біз үшін Германия - облыстың Еуропа елдері бойынша негізгі сауда серіктестерінің бірі. Облыста қызмет көрсету, өндіру және қайта өңдеу саласында неміс тарапының қатысуымен 80 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы үш жылда Германиямен тауар айналымы шамамен 120 млн. долларды құрады, - деп атап өтті.

Сондай-ақ, неміс серіктестерімен сауда қатынастарында Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан алюминийі» АҚ, Еуроазиялық энергетикалық корпорация, мұнай-химия зауыты сияқты қала құраушы кәсіпорындар бар. 

Моника Иверсен неміс тарапының ынтымақтастыққа мүдделі екенін және инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Серіктестіктің алдағы уақытта да белсенді дамитынына сенім білдірді.