Павлодарда такси жүргізушісі заңсыз ақша тапқан

Павлодарда такси жүргізушісі заңсыз ақша тапқан
Фото:pixabay.com/birgl

Өңірде «Тасымалдаушы» шарасы өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тек екі тәулік ішінде тәртіп сақшылары 282 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады. Айта кету керек, такси және қоғамдық көлік жүргізушілері көп жағдайда ең қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтамайды.

– 58 тасымалдаушы жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзған, 20 жүргізуші көлік құралын заңсыз қайта жабдықтаған, 2 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан,— деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Мысалы, Павлодарда Ракетная көшесінде «Toyota Alphard» маркалы автокөлік жүргізушісі ұсталды. Ол «Indriver» платформасы арқылы жеке тасымалдаумен айналысқан. Мемлекеттік кірістер органдарына тиісті хабарлама бермей және тіркемей, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол көлік құралын такси ретінде пайдаланғанда міндетті «Т» тану белгісімен жабдықтамаған. Жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция қызметкерлері барлық тасымалдаушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

«Заң және Тәртіп» қағидаты — құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды элементі. Ол заң бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын көрсетіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.