Павлодарлық дәрігер наурыз айында бақыт гормонын алудың жолын айтты
Дәл осындай әдіс ағзадағы холестерин деңгейін төмендетуге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық №5 емхананың терапевті Ақмарал Сыйлыбаева мәлім етті.
– Жалпы, ағза аштық жағдайына тамақ ішкеннен кейін сегіз сағат өткен соң, ішекте қоректік заттардың сіңуі аяқталғаннан кейін келеді. Ораза кезінде глюкоза қоры тез жұмсалады, ал май энергия көзіне айналады. Майды дене қуатын толтыру үшін пайдалану салмақ жоғалтуға, бұлшықеттерді сақтауға және ағзадағы холестерин деңгейін төмендетуге ықпал етеді,- дейді Ақмарал Сыйлыбаева.
Салмақты жоғалту қант диабетін бақылауды жақсартады және қан қысымын төмендетеді. Ал бірнеше күндік оразадан кейін жалпы психикалық жағдайды жақсартатын бақыт гормоны эндорфинінің деңгейі артады.
Сонымен қатар, дәрігер түрлі ауруларға шалдыққандарға, бала емізетін аналарға, балиғат жасқа толмаған балаларға ораза міндеттелмегенін атап өтті.