Павлодарлық жеті полицей Абай Құнанбаевтың есімін иеленген

Павлодарлық жеті полицей Абай Құнанбаевтың есімін иеленген
Фото: ЖИ

Ақынның 180 жылдығына орай тәртіп сақшылары қара сөздерді оқып, челленджге қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл. Осы айтулы күн аясында облыстық полиция департаментінде қызмет етіп жүрген Абай есімді жеті тәртіп сақшысы ерекше назарға ілікті.

Қазіргі таңда өңір полициясында Абай есімін иеленген келесі қызметкерлер еңбек етуде: департамент инспекторы Абай Еркінжас, патрульдік полиция ротасының инспекторы Абай Тыныбаев, Орталық полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Абай Мүліков, Железин аудандық полиция бөлімінің қызметкері Абай Қасқырбаев, Екібастұз қаласы полиция басқармасының кезекшісі Абай Беляев, Павлодар қалалық патрульдік полиция батальонының инспектор-кинологы Абай Асылханов және Павлодар қаласы ПБ инспектор-кезекшісі Абай Сапиолла.

Мерекеге орай тәртіп сақшылары Абайдың қара сөздерін оқып, челленджге қатысты. Олар өздерінің атымен ғана емес, ұлы ақынның рухани мұрасымен де мақтанатынын айтты.

Абай – ұлы ақын, қазақ халқының мақтанышы. Ол поэтикалық ойлауды жаңартты, оның көкжиегін көтерді, оннан астам жаңа форманы енгізді, – деп өз әсерімен бөлісті Абай Еркінжас. 

Абай Тыныбаев Ұлы даланың ұлы Абай есімі қазіргі заманда бүкіл әлемге танымал екенін, оның өлеңдері мен әндері, философиялық көзқарастары, сөздері мен ойлары адам жүрегіне адамгершілігімен, сүйіспеншілігімен және терең мағынасымен әсер ететінін атап өтті.

Абай – талантты және ерекше композитор, ол жиырмаға жуық әуен шығарды, олар қазіргі кезде де танымал. Абай өзінің кейбір лирикалық өлеңдерін музыкаға аударды, ал оның «Көзімнің қарасы» өлеңі халық әніне айналды, – деді Абай Мүліков.

Абай Құнанбаевтың есімі ел ішінде ғана емес, шет елдерде де құрметпен аталып, рухани символға айналды. Павлодарлық полицейлер бұл есімге лайық қызмет етіп жүргендерін мақтанышпен жеткізді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Организация (@dp_pavlodar)