Павлодарлықтар үшін мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрландырылады
Конкурсқа қатысу толық онлайн форматта жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі енгізіледі. Жаңа жүйе іріктеу процесін толық цифрландырып, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Енді кандидаттар конкурсқа қатысу үшін өтініштерін eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде береді.
Конкурсқа қатысар алдында үміткерлер заңнаманы білу бойынша тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтеді. Заңнамалық тест Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, сондай-ақ Әдеп кодексі бойынша жүргізіледі.
55 сұрақтан тұратын тестілеуде кемінде 30 дұрыс жауап беру қажет. Сонымен қатар әрбір нормативтік акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап болуы тиіс.
Жеке қасиеттерді бағалау үш бағдарлама бойынша өткізіледі:
- басшылық лауазымдарға (10 құзырет);
- басшылық емес лауазымдарға (7 құзырет);
- еңбек өтілі талап етілмейтін төменгі лауазымдарға (эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық қабілеттер).
Жаңа жүйе мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдетіп, үміткерлер үшін қолжетімді әрі ашық етуге бағытталған.