Павлодар полицейлері жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берді

Павлодар полицейлері жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берді
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Кездесу Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шара барысында оқушыларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар және құқық қорғау органдарындағы қызметтің артықшылықтары туралы айтылды.

Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөлімінің басшысының орынбасары Азамат Елеутаев жасөспірімдермен өзінің тәжірибесімен бөлісті.

– Мен бүгінде құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүрмін және өз мамандығыммен мақтанамын. Біздің жұмысымыз қызықты әрі көпқырлы. Біз күн сайын азаматтармен кездесеміз, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетеміз. Полицияның басты міндеті – қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, азаматтардың құқықтарын қорғау, – деді ол.

Шара барысында оқушыларға ІІМ оқу орындарына түсу шарттары, оқу үдерісінің ерекшеліктері және үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар туралы толық түсіндірілді. Әсіресе, ІІМ жоғары оқу орындарының түлектері тек жоғары білім туралы диплом ғана емес, сонымен қатар «полиция лейтенанты» арнайы шенін алатынына баса назар аударылды. Сонымен бірге, оқу мерзімі әскери қызметтен өткендей есептеледі, ал түлектер ішкі істер органдарына кепілді түрде жұмысқа орналастырылады.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Оқушылар полицияға түсу, оқу бағдарламасы және болашақ қызметке қатысты сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Сондай-ақ, құқықтық мәселелер бойынша да кеңес берілді.

– Тікелей полиция қызметкерлерінен пайдалы ақпарат алу мүмкіндігі біз үшін өте қызықты болды. Осындай ашық әңгімелесу ұнады, – деп әсерлерімен бөлісті оқушылар.

Кездесу соңында арнайы мақсаттағы ЖҚАЖ бөлімшесінің қызметкерлері өз шеберліктерін көрсетіп, оқушылар патрульдік көліктермен, полицияның арнайы құрал-жабдықтарымен танысты.