Павлодар полицейлері 400 жүргізушіні құрсаудан алып шықты
Соңғы тәулікте өңірдің автожолдарында бірқатар шектеулер енгізіліп, барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жолдарда жиналған көліктерді сүйемелдеу үшін патрульдік полиция бөлімшелері ұйымдастырылған.
– Көліктерді колоннаға тұрғызған кезде полицейлер жүргізушілерге колоннада жүру ережелерін, белгіленген жылдамдық режимін және интервал сақтаудың маңыздылығын түсіндіреді. Патрульдік полицейлер көлік колонналарын қалыптастырып, олардың жол бойындағы қозғалысын қамтамасыз етуді жалғастыруда, – деді облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Жол қызметтері мен ішкі істер органдарының жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында өңірге қарасты және көршілес аймақтарға баратын автожолдарды ауа райы мен жол жағдайы нашарлаған кезде бір мезгілде жабу туралы шешім қабылданды.
Полиция барлық жүргізушілерді аса сақ болуға және көлікті алдын ала дайындауға шақырады: шиналардың, тежегіш жүйесінің, техникалық сұйықтық деңгейінің және қажетті қысқы жабдықтардың жағдайын тексеріңіз. Алдағы күндері облыс аумағында ауа райының одан әрі нашарлауы күтіледі.
– Жолаушылар көлігінің жүргізушілері мен облысаралық трассаларға шығатындарға ерекше назар аудару қажет: жылдамдық режимін, қауіпсіз арақашықтықты және маневр жасау ережелерін қатаң сақтаңыз. Сондай-ақ ауа райының өзгерісін қадағалап, SMS-хабарламаларды бақылаңыз, жол жабылған жағдайда сапардан бас тартыңыз, – деп ескертті мамандар.
Ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға аязды немесе боранды күндері ұзақ жаяу жүруден бас тарту ұсынылады. Төтенше жағдайға тап болғанда 112 бірыңғай құтқару қызметіне немесе 102 телефонына хабарласу керек.