Павлодарлық құтқарушылар иіс газы датчигін орнатудың маңызын түсіндірді

Павлодарлық құтқарушылар иіс газы датчигін орнатудың маңызын түсіндірді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Құрылғы қауіпті газды адамнан бұрын анықтай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жылыту маусымы қарсаңында өңірде тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық шаралар күшейтілді. Мамандар пешпен жылытылатын баспаналарда иіс газының деңгейін бақылайтын құрылғының болғаны маңызды екенін ескертеді.

Павлодар облыстық ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уәлихановтың айтуынша, бүгінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың баспаналарына 289 датчик қойылған. Құрылғылар жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты есебінен орнатылуда.

– Былтыр өңір бойынша тұрғын үйлерге 1,5 мыңнан астам осындай құрылғы орнатылды. Бұған өткен жылғы өрт қауіпсіздігі талаптарына енгізілген өзгерістер де әсер етті. Нормативтік құжатта тұрғын үйлерге иіс газы датчиктерін орналастыруға қатысты талаптар нақтыланды, – деді ол.

Оразбек Уәлихановтың мәліметінше, бұл газдың негізгі қауіптілігі – көзге көрінбейтіні әрі иісінің сезілмейтіні.

– Иіс газы көзге көрінбейді. Сондықтан үйде ескерту жүйесінің болуы аса қажет. Әсіресе түнгі уақытта оның пайдасы зор. Себебі адам ұйықтап жатқан кезде қауіпті затты байқамай қалуы мүмкін, – деді басқарма басшысы.

Қазір нарықта газдың жоғары мөлшерін тіркеген кезде дыбыстық сигнал беретін және ұялы телефонға хабарлама жолдайтын үлгілер бар. Екінші нұсқа баспанада ешкім болмаған жағдайда да қауіп туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Мамандар улы газдың жиналуына пештің дұрыс жұмыс істемеуі немесе мұржаның уақытында тазартылмауы себеп болуы мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты жылыту кезеңінде пеш пен мұржаны білікті мамандарға тексертіп, ақау анықталған жағдайда оларды пайдалануды тоқтату қажет.

Құрылғыны орнатқаннан кейін оның жарамдылығын да тұрақты түрде тексеріп отырған жөн. Дегенмен мұндай ескерту құралы қауіпсіздіктің жалғыз кепілі емес. Пешті дұрыс пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау да аса маңызды.

Егер дабыл жүйесі іске қосылса, тұрғындар уақыт жоғалтпай таза ауаға шығып, бөлмені желдетуі керек.

Сонымен қатар, ТЖ департаменті қызметкерлерінің тұрғын үйлерді тексеру жөніндегі өкілеттігі шектеулі. Олар негізінен профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.

Өңір елді мекендерінде жылыту кезеңіне дайындық шаралары жалғасып жатыр. Мамандар тұрғындарға пештерді алдын ала тексертіп, мұржаларды тазалауды және баспаналарға иіс газы датчиктерін орнатуды ұсынады.

Еске сала кетейік, бұған дейін өңірде өрт қаупі жоғары тұрғын үйлерге профилактикалық тексеру жүргізіліп жатқаны жазылған еді. Мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын ескертті.