Павлодар полицейлері іздеуде жүрген алаяқты Семейде қолға түсірді

Павлодар полицейлері іздеуде жүрген алаяқты Семейде қолға түсірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жедел уәкілдері күн сайын анықтау, тергеу және сот органдарынан бой тасалаған адамдардың жүрген жерін анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізуде. Соның нәтижесінде жыл басынан бері өңірлік тәртіп сақшылары 57 қылмыскердің жүрген жерін анықтады.

– Мәселен, Павлодар облысы полициясының жедел уәкілдері Семей қаласындағы әріптестерімен бірлесіп, пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген 36 жастағы іздеуде болған қылмыскерді ұстады. Анықталғандай, ер адам аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Сот үкіміне сәйкес ол пробациялық бақылауда болған, алайда 2026 жылдың қаңтар айында тұрғылықты мекенжайын өз бетінше тастап, жасырынып кеткен, - дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Басқарма бастығының айтуынша, жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, Семей қаласындағы тергеу изоляторына (ТҚИ) қамалды. Жақын арада ол Павлодар қаласына этаппен жеткізіледі. 

Тәртіп сақшылары көп жағдайда заң бұзған адамдар жазадан құтылуға үміттеніп, бой тасалайтынын айтады. Алайда адам іздеуге жарияланған сәттен бастап оның бағдарламасы барлық аумақтық полиция бөлімшелеріне және көршілес өңірлерге жолданады. Әрбір полиция қызметкері іздеуде жүрген адамның сыртқы келбеті мен ерекше белгілері бойынша бағдарланады.

Тәжірибе көрсеткендей, қашып жүрудің еш мәні жоқ. Қылмыс жасаған адам бәрібір заң алдында жауап береді. Ал тағайындалатын жаза оның өз әрекетіне де байланысты болуы мүмкін екенін ескертеді.