Павлодарда Қ. Сәтбаевтың дауысы жазылған үнтаспа табылды

Павлодарда Қ. Сәтбаевтың дауысы жазылған үнтаспа табылды
Фото: Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі

Жәдігер қолөнерші, марқұм Бақыт Сағындықовтың жеке мұрағатында сақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Аталмыш таспада ғалымның Қазақ ССР-нің құрылғанына 40 жыл толуына орай 1959 жылы Мәскеуде және 1961 жылы Алматыдағы жиында сөз сөйлегені сақталған. Даңқты тұлға «қазақ   даласында тұздан басқа қазба байлық жоқ» деген пікірмен келіспей, геологтардың Қазақстанда 200-ден аса кен орнын тапқанын мәлімдеген. Академик Екібастұздың сарқылмас кені әлем бойынша рекордтық қуаттылыққа ие болатынын біліп, әрі энергетиканың күретамырына айналатынын атап өткен. 

Сондай-ақ, жақында туыстары шебердің құнды заттарын Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне тапсырды. 12 сәуірде Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толады. 

– Бұл – музейдің эксклюзивті жәдігері. Қазақстан ғылымы үшін өлшеусіз еңбек сіңірген атақты ғалым, жерлесіміздің дауысын есту –  біз үшін маңызды. Өте құнды және ерекше экспонат 1977 жылы геолог Бақыт Жәлеловтың мұрағатынан алынды, – дейді Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартова.

Айта кетейік, үнтаспада ғалымның сирек кездесетін суреттері де сақталған.