Павлодар теміржол вокзалында жайлы намазхана ашылды
Барлық қабаттағы бөлмелер жаңаланды, жаңадан бөлмелер ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәшһүр Жүсіп мешіті баспасөз қызметінің мәліметінше, вокзалдағы ескі намазхана бөлмесі де күрделі жөндеуден өтті. Жолаушыларға дәрет алып, намазын оқып кетуіне барлық жағдай жасалған.
– Осы сауапты іске атсалысқан Павлодар темір жол вокзалының ұжымына алғыс айтамыз, – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, қаладағы алғашқы теміржол вокзалы жүз жыл бұрын – 1924 жылы салынды. Ал вокзалдың нақты бұл ғимараты 1981 жылы салынған болатын. Күн сайын Павлодардан тоғыз теміржол бағыты бойынша пойыздар жүреді, ал вокзалға тәулігіне 1500-ден астам адам келіп, қызметтерін пайдаланады. 2022 жылы жалпы жолаушылар ағыны 570 мыңнан астам жолаушыны құрады. Ғимараттағы соңғы жөндеу жұмыстары шамамен 20 жыл бұрын жүргізілген.
Жиырма жыл жөндеу көрмеген ғимараттың қайта жаңғыртылуына 1,3 миллиард теңге жұмсалды. Қаражат демеушлер есебінен құйылды. «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС Тобы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, вокзал ғимаратын күрделі жөндеуге және жаңғыртуға 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.
Жөндеу тоғыз ай ішінде жүргізілді. Енді теміржол вокзалы тәулігіне төрт мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады.