Павлодар жағажайларында тыныштықты қамтамасыз ету үшін дрондар іске қосылды

Тұрғындар жағажайда ішімдік ішкен адамдар демалысын бұзып жатқанын жиі айтып шағымданатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін, әсіресе, жаппай демалыс орындарында және өзен жағалауындағы аймақтарда зияткерлік технологияларды қолдануға баса назар аударылуда. Тәртіп сақшыларының арсеналында бейнебақылау камералары, дрондар, квадроциклдер және бұзушылықтарды тіркейтін автоматтандырылған жүйелер бар.
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, облыста 1232 бейнебақылау камерасы орнатылған. Әр полиция бөлімінде 72 қоғамдық бақылау камерасы және бес аппараттық-бағдарламалық камера бар. Жыл басынан бері осы жүйелердің арқасында сегіз мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 90 қылмыс ашылды. Барлық тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер жағалаудағы және жағажайлардағы қоғамдық тәртіпке баса назар аударады. Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция капитаны Абылайхан Алпысбайдың айтуынша, жазғы уақытта сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін дрон аппараты бар қызметкермен бірге патруль күнделікті жұмыс істейді. Құрылғы алкогольді ішу, ұсақ бұзақылық немесе қоқысты тастау сияқты құқық бұзушылықтарды тіркейді.
– Тұрғындар жағажайда олардың демалуына кедергі келтіріп, ішімдік ішушілердің көп екенін айтып жиі шағымдана бастады. Сондықтан ұшқышсыз патруль қолдануды жөн көрдік, – дейді Абылайхан Алпысбай.
Қазіргі уақытта бір дрон жұмыс істеп, бір жарым айдан бері полицейлерге көмектесіп келеді. Осы қысқа мерзімде дрон екі жүзден астам тәртіп бұзушыны анықтады.
– Әрине, дронмен жұмыс істеу ыңғайлы. Біріншіден, жаяу жүрудің қажеті жоқ. Екіншіден, полицейді көрген адамдар алкогольдік ішімдіктерді жасыра бастайды. Ал дрон тәртіп бұзушыға ұшып келіп, бірден видеоға түсіре бастайды. Дрон операторы жердегі патрульге координаттарды рация арқылы береді. Содан кейін полиция келіп, тәртіп бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырады, – деп түсіндірді капитан.
Қазіргі уақытта полицияның қарамағында бес дрон бар, бірақ оқытылған кадрлар тапшы. Қала бойынша қашықтан патрульдеу штабын кеңейту жоспарлануда.
Фото: өңірлік коммуникация қызметі