Павлодар жаңа Конституцияны құптайды: қалада 16 нәресте дүниеге келді

Павлодар жаңа Конституцияны құптайды: қалада 16 нәресте дүниеге келді
Фото: автор

Жаңа туған нәрестелердің жағдайы жақсы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енген күні Павлодар облысында 16 сәби дүниеге келді. Оның жетеуі – ұл, тоғызы – қыз. Дәрігерлердің мәліметінше, аналар мен нәрестелердің жағдайы тұрақты, барлығы мамандардың бақылауында.

Бақытты аналардың бірі – павлодарлық Раушан Айкенова. 1 шілде күні ол бесінші сәбиін дүниеге әкелді. Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы жақсы.

- Біздің отбасымыз үшін бұл – үлкен қуаныш. Павлодар облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлеріне, акушерлеріне және барлық медицина қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Олардың кәсібилігі мен қамқорлығының арқасында өзімізді сенімді сезіндік, – деді Раушан Айкенова.

Павлодар облыстық перинаталдық орталығы өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жетекші медициналық ұйымдардың бірі саналады. Мұнда жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсетіледі. Орталықта жүктілігі асқынған әйелдерге жоғары деңгейдегі медициналық қызмет ұсынылып, шала туған және салмағы өте төмен нәрестелерді күтіп-баптауға арналған заманауи бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарынан жіберілетін күрделі босану жағдайлары қабылданады.

Ана мен баланы қорғау – еліміздің денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілген. Осы конституциялық қағидаттар ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, жоғары технологиялық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және халық денсаулығын нығайтуға негіз болып келеді.

Мемлекет жүзеге асырып отырған демографиялық саясаттың маңызды бағыттарының қатарында отбасыларды қолдау, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және балалардың өмірге қауіпсіз жағдайда келуіне жағдай жасау бар. Әрбір дүниеге келген сәби – Қазақстанның болашағы, ал жаңа өмірдің бастауында тұрған медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық.

Павлодар облыстық перинаталдық орталығында дәрігерлер үшін ең үлкен марапат – дені сау сәбилердің анасымен бірге аман-есен үйлеріне оралуы екенін айтады. Конституция күшіне енген күнмен тұспа-тұс келген бұл күні Павлодар өңірінде тағы 16 қазақстандықтың өмірі басталды.