Павлодар жолдарындағы сапасыз асфальтбетон қоспасы ауыстырылды
Облыс орталығында биыл 60 шақырымға жуық көше жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«АЗА» ЖШС мердігер ұйымы Толстой көшесіне жағалаудан Қамзин, Айманов, Баян батыр көшелеріне дейін, Торайғыров, Луговая көшесі және Н. Назарбаев даңғылына орта жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, басқа мердігер ұйымдар қаланың Естай, Қайырбаев, Кривенко көшелеріне асфальт төседі.
Сонымен қатар, биылғы маусымда Павлодар қаласының көшелері мен жолдарына ағымдағы жөндеу жасалды. Облыс орталығындағы асфальтсыз жолдарды ағымдағы жөндеу және жеке сектордағы асфальтталмаған көшелерді профильдеу жұмыстары жүргізілді.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру мақсатында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Павлодар филиалының мамандары қала көшелерін 90 рет аралап, 205 жол құрылыс материалының сынамасын алды.
Орталықтың зертханасында сынақтан асфальтбетон қоспасының төрт сынамасының талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Жұмыс барысында мердігер қабылданбаған құралдарды сапалы құралдарға ауыстырды.
Тексеріс сапарларында ақаулар анықталды.
– Назарбаев даңғылы бойындағы жөндеу жұмыстарын тексеру барысында Шөкин мен Ломов көшелерінің аралығындағы аумақта ойық-жарық пайда болған ақау анықталды. Кейін мердігер ақауды жойды, – деді сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Марат Валиев.
Жыл басынан бері сапа орталығының Павлодар филиалы аудан және ауыл жолдарына 629 рет шығып, 1949 жол құрылыс материалы үлгісін жинады. Сынақ нәтижелері бойынша 208 үлгі стандарт талаптарына сәйкес келмеді. Бұрын анықталған ақаулар бойынша барлығы 4 550 шаршы метр жабынды қайта салынды.