Баянауылда биіктіктен құлаған қыз Екібастұзға реанимацияға жеткізілді

Баянауылда биіктіктен құлаған қыз Екібастұзға реанимацияға жеткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Демалыс орнында жарақат алған үш жасар қыз ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел жәрдемге шақыру 4 маусым күні сағат 09:54-те тіркелген. Себеп – биіктіктен құлау. Шақырту бірінші дәрежелі шұғылдық санаты бойынша қабылданып, бригада оқиға орнына дереу жіберілген. Зардап шеккен қыз – 2021 жылы туған.

Бастапқы диагноз: кататравма, жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы. Алдымен қыз бала Баянауыл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер тексеру жүргізіп, омыртқа, кеуде қуысы және бас сүйегінің рентгенографиясын, сондай-ақ іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуін жасаған. Нәтижесінде бел омыртқасының жабық компрессиялық сынуы және іштің жабық жарақаты анықталып, бала шұғыл түрде Екібастұз қалалық ауруханасының реанимация бөліміне жеткізілді, – деді ведомствода.

Қазіргі уақытта үш жасар қыз ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Еске сала кетейік, осы оқиғаға байланысты Баянауыл ауданындағы демалыс үйінде бала жарақат алғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қыз бала орындықтың көмегімен терезе алдына шығып, москит торына сүйенген кезде құлап кеткен. Оқиға сәтінде бөлмеде анасы тазалық жұмыстарымен айналысып жүрген.