Павлодар қаласы әкімінің орынбасарына қатысты сот үкімі шықты
Сотта шенеунік пара алғанын мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қылмыстық іс Павлодар қаласының № 2 сотында қаралды. Арслан Қалияқбаровқа ҚР ҚҚ-нің 366-бабының 2-бөлігі бойынша пара алды деген айып тағылды.
Сот материалдары бойынша ол Павлодар қаласы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеген кезде, 2023 жылғы 14 және 15 маусымда «Строй Болашақ» ЖШС директорынан Кенжекөл ауылындағы көшелерді ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарды кедергісіз қабылдап, оларды қаржыландырғаны үшін 1 миллион 800 мың теңге сомасында пара алды.
Бастапқыда тергеу органдары шенеуніктің іс-әрекеттерін ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қарау керек деп шешті және іс сотқа аталған бап бойынша түскен болатын.
Негізгі сот талқылауында прокурор айыпталушыға ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша (бопсалау арқылы пара алу) жаңа айып тақты.
Жәбірленуші жазаны соттың қалауы бойынша тағайындауды сұрады. Ал айыпталушы сотта ешқандай пара алмағанын айтып, оны ақтап шығаруды сұраған.
Сот істі қарау кезінде айыпталушының іс-әрекетінен бопсалау арқылы пара алу фактісін анықтамады, сол себептен іс ҚР ҚҚ-нің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды.
– Сот айыпталушының асырауында төрт жас баланың болуын және алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, оны 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды,– делінген сот үкімінде.
Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енбеді.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаровты ұстаған болатын.