Вакансия барын көрсетпейтін павлодарлық бизнесмендер жазаланады
Павлодарлық бизнесмендерге еңбек заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында өткен салааралық кеңес отырысында жұмыс берушілерді enbek.kz порталында тіркеу және бос жұмыс орындарын жариялау талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар бизнес өкілдері жүйенің тиімділігіне қатысты сын айтты.
Павлодар қаласының мансап орталығының директоры Қарлығаш Асайымова 2026 жылдан бастап Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушілер үшін талаптар күшейтілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бос жұмыс орындарын еңбек биржасына жарияламау және тіркелмеу қаржылық жауапкершілікке әкеледі.
Қалада шамамен алты мың жұмыссыз тіркелгеніне қарамастан, кәсіпорындар кадр тапшылығын сезініп отыр.
- Жұмыс іздеушілер де бар, жұмыс берушілер де бар, бірақ бір-бірін таба алмай отыр. Өзеннің қарама-қарсы жағасында жүрген сияқтымыз, — деді Қарлығаш Асайымова.

Мансап орталығының сектор жетекшісі Гүлжан Қасымова enbek.kz порталында жұмыс істеу тәртібін түсіндірді. Жұмыс берушілер бес жұмыс күні ішінде бос жұмыс орындарын жариялауға, ал қысқарту жоспарланған жағдайда кемінде бір ай бұрын хабарлауға міндетті. Әйтпесе, оларға 500 АЕК дейін айыппұл салынады.
Портал арқылы жұмыс берушілер вакансия жариялап қана қоймай, үміткерлерді іздеп, сұхбатқа шақырып, жұмысқа қабылдау процесін толық жүргізе алады.
Алайда кәсіпкерлер ұсынылған тетіктердің іс жүзіндегі тиімділігіне күмән келтірді.

«Рубиком» ЖШС өкілі Татьяна Сауырбаева субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламасында негізгі жүктеме жұмыс берушілерге түсетінін айтты.
- Кандидаттарды біз өзіміз табамыз, іріктейміз, кейін ғана тіркеу үшін орталыққа жібереміз. Бірақ нәтиже орталықтың жұмысы ретінде көрсетіледі, — деді ол.
Кәсіпкерлер сондай-ақ мансап орталықтары ұсынатын үміткерлердің жиі талаптарға сәйкес келмейтінін атап өтті. Сонымен қатар, «Alash club» оқу және спорт орталығының директоры Мұрагер Армия электронды жүйеден белгілі бір орынға сілтемені алып тастауды ұсынды.
- Біз enbek.kz арқылы қызметкерді шақырдық, бос орынды толтырдық, бірақ олар келесі күні жұмысқа келмеді. Енді мансап орталығы бізге бос орын толтырылғандықтан, ешкімді жұмысқа ала алмайтынымызды айтты. Тағы бір мәселе, біз қажетті маманды таптық, бірақ ол Ақсуда тіркелген, сондықтан біз оны жұмысқа ала алмаймыз. Жүйені реттеудің қандай да бір жолы бар ма, - деп сұрады Мұрагер Армия.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов мемлекеттік құрылымдардың бизнеске нақты пайда әкелу қажеттігін айтты. Бизнеске формалды есеп емес, нақты нәтиже керек. Қажетті маман орнына сәйкес келмейтін үміткерлер жіберіледі, деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша, еңбек нарығындағы цифрлық құралдар енгізілгенімен, оларды қолдану тиімділігі бизнес тарапынан әлі де сынға ұшырап отыр.