Павлодар – Қызылорда автожолында жүргізуші көз жұмды
Жол-көлік оқиғасы Бәйет ауылынан екі шақырым жерде орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 17.30-да Павлодар – Қызылорда автожолының 140 шақырымында BMW маркалы автокөліктің 40 жастағы жүргізушісі көлікті басқара алмай, металл тиегішке соғылып, кюветке аударылған.
– Автоматты режимде жұмыс істейтін Қызылорда – Павлодар автожолында орнатылған «Зерек-2» аппараттық-бағдарламалық кешенінің мәліметтеріне сәйкес, бұл көлік құралында жылдамдымдығы сағатына 218 шақырымды тіркеген, – дейді департаментте.
Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.
Бұған дейін бір күн бұрын сағат 21.45-те Павлодар - Қызылорда автожолында 36 жастағы «Kia Rio» маркалы автокөліктің жүргізушісі – Астана қаласының тұрғыны көлікті басқара алмай, кюветке аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен оның 2013 жылы туған ұлы, 2019 жылы туған қызы, 37 жастағы жарақат алған жолаушы Екібастұз қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Автокөлік айып тұрағына қамалды.