Павлодардағы «маса қаптады» деген ақпаратқа мамандар түсініктеме берді

Павлодардағы «маса қаптады» деген ақпаратқа мамандар түсініктеме берді
Фото: pexels.com / Tommes Frites

Тұрғындарды мазалап жүрген жәндіктердің басым бөлігі адамға қауіп төндірмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ғылыми топтың ұсынымдарына сәйкес өңірде қан сорғыш жәндіктерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алайда соңғы күндері әлеуметтік желілерде «масалардың қаптауы» туралы хабарламалар таралуда.

Бұл жәндіктер – хирономидтер, яғни ызылдауық масалар. Олардың ересек дарақтарының ауыз аппараты болмайды және қоректенбейді. Демек, адамды шақпайды әрі ешқандай ауру таратпайды, – деп сендірді жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мамандары.

Олардың айтуынша, ызылдауық масалардың ерекшелігі – «жұптасу биі» деп аталатын құбылыс. Көбею кезеңінде олар ағаштардың, бұталардың, жарық бағаналарының және басқа да биік нысандардың үстінде жиналып, өзіндік бір «құйын» тізеді. Бұл – табиғи процесс.

Сонымен қатар мамандар қазіргі уақытта жайылмадан шығатын қансорғыш шіркейлердің енді ғана қалыптасып жатқанын, әзірге жаппай ұшу кезеңі басталмағанын атап өтті.

Жәндіктердің санын азайту жұмыстары жалғасуда. 6 сәуірден бастап уақытша су айдындарын жергілікті өңдеу басталса, 30 сәуірден бері авиациялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда «Бактицид» биологиялық препаратын қолдану арқылы шағын авиацияның 97 ұшуы орындалды.

Жағдай бейінді қызметтердің бақылауында және алаңдауға еш негіз жоқ екені хабарланды.