Павлодардағы мектеп-интернатқа жаңа шахмат жиынтықтары берілді
Сыйлықтарды Қазақстан шахмат федерациясы мен қала демеушілері табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан шахмат федерациясы мен қала демеушілері шаһарда шахмат спортын дамытуға бағытталған игі шара өткізді. Оның аясында «№ 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернаты» білім беру ұйымына заманауи шахмат тақталары, сапалы фигуралар және дәлдікті қамтамасыз ететін шахмат сағаттары табысталды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Хасанованың айтуынша, ұжым бұл сыйлыққа ерекше қуанды.
– Жаңа шахмат жиынтықтары оқушыларымыздың ой-өрісін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Шахмат есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауды, жоспар құруды үйретеді, – деді ол.
Бұрын білім ордасында арнайы шахмат секциясы болмаған, енді жаңа құрал-жабдықтың арқасында оны ашуды жоспарлап отыр. Қазір елуден астам оқушы үйірмеге қызығушылық танытуда.

Сонымен қатар, басшы орынбасарының сөзінше, демеушілер мен Қазақстан шахмат федерациясының қолдауы күтпеген жерден болды.
– Бұл – біз үшін жағымды тосынсый. Мұндай қолдау ұстаздар мен ата-аналардың да ынтасын күшейтті. Біз енді қалалық және облыстық жарыстарға қатысуға дайындықты бастай аламыз, – деді Самал Хасанова.
Осындай бастамалар арқылы шахмат барша балаға қолжетімді болып, жастар арасында танымалдылығы арта түсуде.
Фото: № 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернаты