Үздік волейболшы қыздар мен шебер ұлдар: Тереңкөл мектебі шәкірттерін мақтан етеді
Львовка жалпы орта білім беру мектебінде 93 оқушы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Білім ордасының қабырғасы 56 жыл бұрын қаланған. Мектеп директоры Константин Броновтың сөзінше, осы уақыт ішінде 1200 түлек оқуын аяқтап, жақсы жерлерге жұмысқа орналасқан.
– Түлектерімізді мақтан тұтамын. Олар түрлі салада жұмыс істейді – әкімдікте, ірі шаруашылық қожалықтарының басшылары, тіпті үкіметке дейін жеткен оқушыларымыз бар, – деді директор. – Менің осы мектепті басқарып келе жатқаныма 33 жыл болды. Бүкіл өзгерістерді бастан кешірдім.
Оның айтуынша, алғашқы күрделі жөндеу 2016 жылы болған. Ол кезде жылыту жүйесін орнатқан. Ал 2017 жылы шатырын ауыстырып, пластикалық әйнектер орнатылды. Бір жыл бұрын мектеп кешенді жөндеуден өткен. Заманауи талаптарға сай еденге плитка төсеп, сыртқы, ішкі жұмыстар жасалды, барлық электр сымдар жаңартылып, өртке қарсы дабыл және ескерту жүйесі қойылды. Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен 120 миллион теңге жұмсалған.
– Бүгінде мектеп өте жайлы, бүкіл жағдай жасалған. Заманауи физика мен химия кабинеттері бар. Мектеп төрт интеркативті тақтамен жабдықталған. Вай фай жұмыс істейді, – деді Константин Бронов.
Бірінші қабатта орналасқан шеберханада ер балалар бос уақыттарын өткізеді. Ол жерде олар ағаш пен металды өңдеп, қайрап, бұрғылап, дайын бұйымды жасайды. Бұл жұмыстарды олар арнайы, 1967 жылдан бері сақталып қалған, білдектерде істеп шығарады.
– Балаларымыз ағаштан оқтау мен қылыш, шкаф жасаған. Егер мектепте парта мен орындық сынып қалса, оны осы жерде жөндейді. Мысалы, бастауыш сынып оқушылары бізде арнайы парталарда оқиды. Олар тек бір балаға ғана шақталған және оның биіктігін өзгертіп отыруға болады, – деді мектеп директоры.
Мектеп асханасы мен мәжіліс залы біріктірілген. Бөлменің бір жағында ас пісірсе, қарама-қарсы жерде сахна орналасқан. Мерекелер өткізген кезде үстелдер шетке қойылып, оқушылар мен мұғалімдер орындықтарға жайғасып, концерт көреді.
– Мектеп негізі 240 орынға арналған. Яғни, бізде орын тапшылығы деген мәселе атымен жоқ. Оқушыларда бір аусыммен сабақ өтеді. Мектептің жанында шағын орталық бар. Бүгінгі таңда оған 14 бала барып жүр, – деді Константин Бронов.
Қыс уақытында мектеп аумағында мұз айдыны жасалып, балалар коньки теуіп, шаңғымен сырғанайды. Оған қажетті спорттық құрал-жабдықтар жеткілікті. Одан бөлек шахмат, дойбы, теннис үшін арнайы жерлер бар. Ал оқушыларға қолайлы болуы үшін мектепте жеке зат қоятын 100 орындық шағын шкаф орнатылған.
– Волейболдан өте мықты команда біздің ауылда. Оқушыларымыз волейболдан екі жыл қатарынан облыстық спартакиада ойындарынан бірінші орын алады. Аудандық құрама емес, дәл біздің мектептің қыздары осындай нәтиже көрсеткен еді, – деді мектеп директоры.
Константин Бронов мектептегі бүкіл жағдайға риза, бірақ-та ескі компьютерлерді жаңарту керек екенін жасырмайды. Сондай-ақ, мектептің абаттандыруына да көңіл бөлгісі келеді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен қаражат сұрап, өтініш жолдаған.