Павлодарда қазақ театры кезекті маусымын аншлагпен қорытындылады
Жаңа туындылар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры ұжымы кезекті маусымды тың премьералармен, гастрольдік сапарлармен және көпшіліктің жоғары сұранысына ие болған сахналық жұмыстармен аяқтады. Жалпы маусым барысында 200-ге жуық спектакль ұсынылып, мыңдаған өнерсүйер қауым театрмен қайта қауышты.

Биыл репертуар алты жаңа қойылыммен толықты. Оның екеуі балаларға арналса, төртеуі ересек көрерменге жол тартты. Сонымен қатар, шығармашылық ұжым Алматы мен Талдықорған қалаларына гастрольдік сапар жасап, жергілікті жұртшылыққа бірнеше туындысын ұсынды. Сапар аясында «Балам, қашан келесің?», «Ұждан», «Джульет жасаған қиын таңдау» және «Алғашқы махаббат» сахналанды. Бұдан бөлек, әртістер облыстың қалалары, аудандары мен ауылдарын аралап, көшпелі көрсетілімдер өткізді.
Театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразованың айтуынша, бұл маусым шығармашылық тұрғыдан жемісті өтті.
– Жалпы осы кезеңде 200-ге жуық спектакль көрсетіліп, мыңдаған көрермен театр өнерімен қауышты. Сонымен бірге, облыстың шалғай қалаларына, аудандары мен ауылдарына барып, өз жұмыстарымызды көпшілік назарына ұсындық, – деді ол.


Маусымдағы ең сәтті премьералардың бірі – «Мұғалім» спектаклі. Сондай-ақ «Алғашқы махаббат» та көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Бұл туындыларда мектеп өмірі, ұстаздың қоғамдағы орны, ата-ана мен бала арасындағы байланыс секілді өзекті мәселелер қозғалады. Ал махаббат тақырыбына құрылған «Біз туралы» қойылымы театрдың кіші залында тұрақты түрде аншлагпен өтті.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған шығармалардың бірі – маусымның жабылуына таңдалған «Балам, қашан келесің?» спектаклі болды. Алматыдағы гастроль кезінде оған сұраныс өте жоғары болып, кешкі сеанстан кейін көрерменнің өтінішімен қосымша көрсетілім ұйымдастырылған.


Театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Аханов маусымды дәл осы туындымен қорытындылаудың өзіндік мәні бар екенін атап өтті.
– Бұл шығарма бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасы құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын және қарттар үйі мәселесін көтереді. Сондықтан, маусымды дәл осы спектакльмен аяқтауды жөн көрдік, – деді ол.
Туындының тағы бір ерекшелігі – театр қызметкерлерінің басым бөлігі осы сахналық жұмысқа қатысады. Әртістердің шамамен 95 пайызы бір сахнада бас қосып, маусымның қорытындысын көрерменге ортақ шығармашылық еңбек ретінде ұсынды.


Театр актері Бауыржан Манатбекұлының айтуынша, өткен кезең шығармашылық ізденістерге толы болды.
– Кезекті театр маусымын қорытындылап жатырмыз. Бұл – қызығы мен қиындығы қатар өрілген, ұжым үшін өте жемісті кезең болды. Биыл бірнеше жаңа премьера көрерменге жол тартты, – деді актер.

Оның айтуынша, «Балам, қашан келесің?» спектаклінде қарттар үйіне қызметке келген жас заңгердің бейнесін сомдайды. Кейіпкер арқылы көпшілікке адамгершілік, үлкенге құрмет және отбасы құндылықтарының маңызы туралы терең ой жеткізіледі.
Театр ұжымы үшін 36-маусым жаңа премьералармен ғана емес, көрерменмен байланысты одан әрі нығайтқан кезең ретінде есте қалды. Аншлагпен өткен көрсетілімдер мен өңірлерді қамтыған гастрольдер театр өнеріне деген қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.